ХҚКО-лар халықты оқытумен айналысатын болады - Дәурен Абаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы бірнеше жылдың ішінде мемлекеттік қызметтердің 90 процентін электронды форматқа ауыстыру жоспарланған. Сол кезде Қазақстан азаматтары үйден шықпай-ақ, барлық құжаттарды алатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, аталған жұмысты іске асыру оңай емес. Себебі бүгінде мемлекеттік реестрге кірмеген қызметтер баршылық. Ал ондай қызметтерді электронды форматқа ауыстыру қиын. «Қазір бізде 700-ден астам мемлекеттік қызмет бар. Бұдан бөлек, жасырын мемлекеттік қызметтер аз емес. Былайша айтқанда, мемлекеттік органдар біраз қызметті ұсынады. Бірақ оның бәрі мемлекеттік қызметке жатпайды. Себебі бірыңғай реестрге кірмейді. Ал реестрге кірсе, бәрін автоматтандыруға болады. Сондықтан жұмыс әлі біраз жылға жалғасады», - деді Д.Абаев ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары бойынша комиссияның кеңейтілген отырысында.

Министрдің сөзіне қарағанда, мемлекеттік қызметтердің біраз бөлігі электронды форматқа ауыстырылса да, халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны қысқармайды. Себебі аталған орталықтар халықты онлайн режімде жұмыс істеуге үйрететін болады.  

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев адал жұмыс істейтін мемқызметшілердің санын жариялады.   Агенттік басшысы ірі көлемде пара беру қылмыстарының көбейіп жатқанын да жеткізді. Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімова мемлекеттік қызметке жаңадан келетін мамандарды жемқорлықтан қорғау қажеттігін айтты. 

Соңғы жаңалықтар