ХҚКО-ға қатысты көптеген шағымдар түсуде – агенттік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін мониторинг топ елордадағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының карантин жағдайындағы жұмысымен танысты. Оның құрамына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ішкі істер органдары өкілдері кірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізге әлеуметтік желілер арқылы азаматтардан халыққа қызмет көрсету орталығының қызметіне қатысты көптеген шағымдар келіп түсіп жатыр. Өз кезегімізде біз бұл мәселені талдап, тиісті шара қолданатын боламыз. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы барысымен танысуға арнайы келіп отырмыз. Жалпы алатын болсақ, бұл біздің агенттіктің құзыретіне кірмейтін міндет. Дегенмен адамдардан шағым келіп түскендіктен, халық үніне құлақ асып мониторинг жүргізіп жатырмыз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, ХҚКО-дағы бүгінгі мәселе кезекті онлайн брондау мен қызмет алуға қатысты болып отыр.

«Бұл мәселені Ұлттық ақпараттық технологиялар басшылығымен бірлесіп шешеміз. Яғни 3 тамызға дейін ХҚКО-дағы кезекті брондау проблемасы біржақты болады. Осы тұрғыда құзыретті органдардың жұмысындағы кемшіліктің барын айтып өткен жөн, біз оны жасырмаймыз. Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметіндегі тағы бір кедергі алыпсатарлардың проблемасы. Негізі алыпсатарлардың мәселесімен құқық қорғау органдары айналысуы тиіс, себебі ол сыбайлас жемқорлық әрекетіне жатпайды», - деді ол.

Агенттік төрағасы орынбасарының пікірінше, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек.

Еске салсақ, жемқорлықпен күрес органдары мамандандырылған ХҚКО-ны тексереді. Сондай-ақ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы, бірінші вице-министр Бағдат Мусин мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарығады жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін ұсынды.



Соңғы жаңалықтар