Hit Beat Music қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдікті шоу-презентация өткізіп жатқанда ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті «Hit beat music» деп аталатын қаржы пирамидасын құру және басқару күдігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Күдікті жарнамалық шоу-презентация өткізу кезінде ұсталды.

«Hit beat music» (HBM Group) инвестиция саласындағы ақпараттық-талдамалық компания ретінде жасырынып, өзінің заңсыз қызметін жүзеге асырған.

Компания сенгіш азаматтарға тұрақты сыйақы алуға кепілдік беретін канадалық музыкалық инвестициялық жобаларға ақша салуды ұсынды.

Сонымен қатар, «Hit beat music» (HBM Group) Қазақстан аумағында заңды тұлға, өкілдік және филиал ретінде тіркелмеген, сондай-ақ ашық банктік шоты жоқ.

Салымшылардың жарналары кіріс кассалық ордерлерін ресімдемей қолма-қол нысанда жүргізіледі.

Тіркелген пайдаланушылардың жалпы саны 2300-ден асады.

Қазіргі уақытта «Hit beat music» ұйымдастырушысына қатысты 2 айға қамалды.

ҚМА мен прокуратура органдары азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырады.

Егер сіз және сіздің жақындарыңыз «Hit beat music» қызметіне тап болса, ҚМА call - орталығына хабарласуыңызды сұраймыз.

ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасағаны соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.


Соңғы жаңалықтар