Хирургтер оқ тиген алматылықтың өмірін сақтап қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматылық дәрігерлер ауыр халде ауруханаға жеткізілген 18 жастағы жігітті аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, суық қарудан жарақат алып, қансыраған 18 жастағы жігітті Жедел медициналық жәрдем бригадасы шұғыл түрде №7 қалалық клиникалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізді.

Қабылдау кезінде науқастың жағдайы өте ауыр болған. Жігіттің ішкі ағзасы зақымданып, көп қан жоғалтқан. Травматикалық шоктың салдарынан қан қысымы 70-75/35-40 төмендеп кеткен. Дәрігерлер шұғыл түрде ота жасауға алды.

«Отаны қанды тоқтатудан бастадық. Барлық зақымдалған тамырлардан қан кетуді тоқтатқаннан кейін мониторда қан қысымы көтеріле бастады. Содан кейін, ішкі ағзаны қайта қарауды жалғастырдық. Ұзындығы 50 см-ге дейін созылған ащы ішектің зақымдалған аймағын сақтай алмайтын болғандықтан, резекция жасадық. Жіңішке ішек пен ішек қарыншаларының көптеген перфорациялық жарасын тіктік. Операциядан кейінгі кезеңде пациенттің өміріне жаңа қауіп төнбес үшін және қайта ота жасау қаупін болдырмау мақсатында біз бәрін ескердік. Операция сәтті аяқталды», - дейді №7 қалалық клиникалық аурухананың хирургі Фараби Стамқұлов.

Отадан кейін науқас, 11 күн бойы аурухананың жансақтау бөлімінде жатты. Жақында ол амбулаториялық ем алу үшін ауруханадан үйіне шығарылды.


Соңғы жаңалықтар