Хирург Алмат Қодасбаев: Қолыммен тоқтатқан жүректі қайта іске қосуым керек

None
None
  АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген кардиохирург-дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаев Алматы кардиология орталығын басқарады. Алғыс арқалаған абзал жан сынақ, табандылық, жауапкершілік, сенім мен мақсат жайында ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Әрбір әрекет - сынақ



Мектеп қабырғасындағы соңғы сыныптарда болашақта дәрігер боламын деп шешкен ол, оқуға түсе алмай, әскерге аттанады. Борышын өтеп жүріп, медицина институтына түсу үшін дайындыққа бар күшін жұмсайды. 

«Одан кейін Қазақстандағы жалғыз А.Н. Сызғанов атындағы ғылыми хирургия орталығына аспирантураға түстім. Сол жердегі хирургия майталмандарының алдында ғылыми жұмысқа икемімнің бар екенін дәлелдеп, өзімді хирургия дәрігері ретінде көрсете білуім - мен үшін үлкен сынақтардың бірі болды. Алғаш жұмысқа аудандық аурухана дәрігері болып орналастым және сол жерде кішігірім операциялар жасап үйрендім. Кейін халықаралық деңгейге шығу,  конференцияларға қатысып, баяндамалар жасау - бүгінгі деңгейіме жету жолындағы сынақтардың бірі ғана»,  - дейді ол.

Оның айтуынша, кез келген мамандықтың шыңына жету үшін білім мен тәжірибеден бөлек, табандылық керек.

«Мені алға сүйрейтін - жақсылыққа деген ұмтылыс. Жаным жақсылыққа құмар, соның арқасында алда келем.  Осы істегенім де жетер, күнделікті жұмыстан шаршадым десем, не болмақ? Істеп көрер дүниелерім әлі алда. Әрқашан жақсы нәрсені армандап, жеңіске жеткенді жақсы көремін», - дейді дәрігер.

Сондай-ақ ол операция қиын болатынын біліп тұрса да, оған сеніммен баратынын айтады.

«Науқас маған жанын тапсырып келеді. Ол адамның алдында отырып, сенімсіздік танытсам, нәтижесі жақсы болмайды. Операция қиын болатынын біліп тұрсам да, оған  сеніммен барамын. Пациенттің бойында ауыр сырқат, әртүрлі асқынулар болғанның өзінде өз тәжірибеме сүйенемін. Жеке басыма ғана емес, бүтін бригадаға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Анестезиолог, жасанды қанайналым аппаратымен жүрекке көмек беретін адамдар, жаныңдағы лабораториялық ассистенттер сенімді түрде бірігіп  жұмыс істегенде - кез келген отаны шығынсыз алып шыға аламыз», - деп атап өтеді хирург.

Қолмен тоқтатқан жүректі қайта іске қосу керек



«Өмір бойы істеп тұрған жүрек уақытша тоқтатылады. Жүректің қақпақшаларын ауыстырасың. Тағы бірнеше операция жасайсың.  Содан кейін жүректі қайтадан іске қосасың. Соның бәрін науқасқа айтқанда, сөзсіз көңіліне күдік ұялайды. Ең аяғы «тоқтатылған жүрегім қайтадан істемей қалса, не болам?» деген ойларға батады. Сол кезде сөйлеген сөзіммен, істеген ісіммен қорқынышынан айыра білуім керек. Күдігін сейілтіп, сенім ұялатқан кезде ғана науқастың операциясы жеңіл өтеді», - дейді ол.

А.Қодасбаевтың айтуынша, мұндайда операциядан кейін науқастың тез сауығып кететініне толық сеніммен қарауға болады.

Хирург 23 жылда 5 мыңнан астам науқасқа ота жасаған. Осы жылдар ішінде адамның қан тамырын алмастыру, жүрек қақпақшаларын ауыстыру, жүректе болатын ісіктерді жою, жүрекке жақын орналасқан жердегі қолқаның операцияларын жасаған. Солардың арасында 2 аяғы, 1 қолы кесілген науқасқа істелген екі жыл бұрынғы отаның орны бөлек екен.

«Әдетте, жүректің қан тамырларына жасалатын операция үшін науқастың аяғынан немесе қолынан тамырлар алынады да, жүрекке жалғап тігіледі. Негізгі мақсат - бітелген қан тамырларды адам денесіндегі сау қан тамырмен алмастыру. Ол кісіде жайылмалы қан тамырларының ауруы болды. Сырқатқа ұшырағандықтан аяғына, оң қолының жартысына ампутация жасалған. Денесіндегі аман сақталған - сол қолы ғана. Егер сол қолынан тамырды алып жүрекке жалғайтын болсақ, адамның тағдыры ары қарай қиындап кетуі мүмкін еді. Сондықтан негізгі ауру ерекшелігін ескеріп, ол кісінің кеуде тамырларын алып, жүрегіне жалғадық. Кардиохирургияда осындай амал қолданылады», - дейді ол. 

Дәрігер аталған отаның сәтті өтуін науқастың рухының мықтылығымен байланыстырады.

«Аяқ-қолы сау адамға операция жасалғанның өзінде, науқастың орнынан қозғалуы қиын болады. Бұл кісінің жағдайы күрделі операциядан кейін ауырлап кететінін білдік. Соған қарамастан ол кісіні психологиялық тұрғыда жақсылап дайындадық. Ерік-жігерінің мықтылығының арқасында қиындықты жеңіп, операция соңы жақсы болды. Хирургиялық жағынан бұдан да күрделі операция бар, бірақ сол науқас жарымжан бола тұра, батылдығының арқасында осындай ауыр жүрек операциясына келісті», - деп атап өтеді абзал жан.  

Оның айтуынша, хирургияның күрделілігі сол, техникалық жоба мен адами фактор үндестік табуы керек.

«Операциядан кейін наркоздан оянып, көзін ашқан кезде науқастың бірінші сұрайтыны - өзінің хирург дәрігері. Сондайда ол кісінің жанында болып, қолынан ұстап, бір ауыз жылы сөзімді айтуға тырысамын. «Жарайсың, батыр екенсің», деп, ауруды бірге жеңгенімізді жеткіземін. Пациентеріммен бірнеше жылдан соң кездесіп қаламын. Сонда айтатындары - «Оянсам дәрігерім қасымда қолымды ұстап, қан қысымымды өлшеп жатыр екен, қатты қуандым» деп разылығын білдіреді. Жігерленемін»,- дейді ол.  

Сәтсіз операциялар ауыр тиеді...

«Сәтсіз операциялар болады. Бұл - медицина. Бұл - хирургия. Онсыз болмайды. Әрине, ауыр тиеді. Бәріне дайын болу керек. Сәтсіздік деген кез келген уақытта алдыңнан шыға келеді. Бірақ оған ұрынған кезде келесі жолы қайталанбайтындай немесе болған сәтсіздіктің орнын тез толтыратындай шешім қабылдау керек. Оған немқұрайлы қарасаң, әрқашан алдыңды орайды», - дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, оның бүгінгі мақсаты - өзім басқарып отырған кардиологиялық орталықты халықаралық деңгейге көтеру. Алматы кардиохирургия ауруханасы Қазақстаннан бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге де танымал. Халықаралық деңгейге сай қызмет көрсетуде.

«Соның деңгейін одан әрі көтеріп, медициналық туризм саласында танымал болсақ деймін. Еуропалық кардиологтар және кардиохирургтар қауымдастығына мүше болып, өзіміздің істеген еңбектерімізді қауымдастықтың Еуропаға шығатын журналдары арқылы таныту жоспарда бар. Бүгінде кәсіби деңгейімізді көтеру үшін экспорттық кеңес мүшелері барлық съездер мен отырыстарға қатысып, әлемдік аренаға көтерілу жолына бет түзедік», - дейді Алмат Тұрысбекұлы.

Жұмысыңа уақытыңды шексіз арнау - отбасының сенімі



Алмат Қодасбаевтың өмірлік қосағы дәрігерлер отбасынан шыққан. Аяқасты операция шақыртуларына, науқасты бағып, ауруханада аялдап қалатын жағдайларға кішкентайынан қанық.

«Менің жұмысымда болатын қиындықтарды менімен бірге бөлісіп, қолдап отырады. Кейде ұзақ уақыт жұмыстан қол үзе алмай, тек қана кәсібіме көңіл бөлетін сәттер бар. Осының бәріне түсіністікпен қарап, жарым ретінде ғана емес, жанашырым ретінде көмектеседі. Көп істе еркін жүруіме, шаруамды толық аяқтауыма жарымның сенімі демеу», - деді ол.

  

 

Соңғы жаңалықтар