Хиджабтың дінге еш қатысы жоқ - ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы

None
None
АЛМАТЫ. 4 наурыз. ҚазАқпарат - Хиджабты насихаттаушылар Мұхаммед пайғамбардың хадистеріндегі: «Алла Тағала сіздің сырт көрінісіңізге қарамайды, жүрегіңізге назар салады» деген сөзіне мән бермей жүр. Бұл туралы бүгін Алматыда «Әйел және дін» деген тақырыпта өтіп жатқан халықаралық форумда айтылды.

«Біз хиджаб мәселесіне қатысты баршаға ортақ ұстаным қалыптастырмасақ, бара-бара қазақтың қыз-келіншектері қоғамдық орындарда ерлермен бірдей жүріп-тұрып, қоғамдық қызметке еркін араласа алмайтын халге жетіп, өзінің тұлға ретіндегі, азамат ретіндегі әлеуетін толық мәнінде жүзеге асыра алмайтын болады. Оның айқын мысалын әйелдердің белсенділігі қашанда төмен болып келетін араб елдерінің жағдайынан аңғаруға болады», - дейді ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шәріп. Оның айтуынша, қазір араб әлемінің өзінде де әйелдерге хиджаб кигізуге қарсы болып отырған ел бар. Ол - Тунис. Тунис Республикасының негізін қалаған бірінші Президенті Хабиб Бургиба 1981 жылы №108 заң шығарып, қыздарға мектептер мен университеттерде, әйелдерге мемлекеттік мекемелерде хиджаб киюге қатаң тыйым салған. Соның арқасында 30 жылдан бері Тунистің қыз-келіншектері, әйелдері еркектермен тең дәрежеде қызмет атқарып келеді. Қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Кувейтте, Оман Сұлтанатында, Ливанда, Мароккода хиджаб кию дәстүрі біртіндеп азаюда.

Үндістанның бірінші Премьер-министрі Джавахарлал Неру өзінің «Дүниежүзілік тарихқа көзқарас» атты кітабында арабтардың хиджабты римдіктер мен ирандықтардан алғандығын жазады. Оның пікірінше, «араб әйелдерінің арасында жүзін жабу дәстүрі болмаған. Олар ер адамдардан бой тасалап өмір сүрген емес, керісінше, қоғамдық орындарда олармен бірге жүріп-тұрған. Арабтар Византия империясын күйретіп, Иран империясын толығымен жойды. Алайда өздері екі ел дәстүрінің жетегінде қалып қойды. Әйелдердің еркектерден оқшаулануы тәрізді ғұрыптар арабтар арасында Византия мен Иран дәстүрлерінің әсерімен пайда болған. Бірте-бірте гарем жүйесі қалыптасып, әйелдер мен ерлер бір бірлерінен бөліне бастады». Ал атақты американдық тарихшы және философ, 11 томдық «Өркениеттер тарихы» атты кітаптың авторы Уильям Дюрант гарем мен хиджабтың арабтардың дәстүріне омеядтық халиф ІІ Уалид басқарған 743-744 жылдары енгенін атап көрсеткен.

«Сауд Арабиясы тұрғындарының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерінің жиынтығы қазірге дейін үстірт сипаттауға келмейтін айтарлықтай күрделі әрі көп қырлы болып табылады. Көптеген жергілікті дәстүрлер барлық араб әлемі үшін бірдей, екінші бір дәстүрлер сол өлкенің тарихи және табиғи-климаттық жағдайларына байланысты туындаған, үшінші бөлігі басқарушы биліктің қатаң саясатының жемісі болып табылады. Қалай болғанда да жергілікті өмір қалыпқа құюға келмейді. Мысалы, бәдәуилердің әйелдері орамалсыз еркін жүріп, бөтен еркектермен сөйлесе береді. Бұған керісінше қала әйелі көшеге қара жаулық «хумара» мен басынан аяғына дейін жауып тұратын «абая» кимей шыға алмайды», - дейді Қайрат Лама Шәріп.

Соңғы жаңалықтар