Хельсинки, Таллин, Ташкент, Қазан мэрлері туризмді дамыту жөнінде кеңес берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) VIII жаһандық саммитінде бірнеше қала мэрлері туризмді дамыту жолдарын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саммитке қатысу үшін Қазан, Таллин, Ташкент, Самарқанд, Анкара, Исламабад мэрлері Қазақстан астанасына келді. Сонымен бірге, Хельсинки мэрінің орынбасары, Бангкок тұрақты хатшысының орынбасары келді. Олар өз қалаларындағы туризмді дамыту туралы тәжірибелерін бөлісті.

Татарстан астанасының басшысы Ильсур Метшиннің айтуынша, Қазан қаласы Ресей Федерациясының туристер көп келетін үздік бестігіне енген. Өткен жылы бұл қала 3,3 млн турист қабылдаған.

«Біз соңғы 6 жылда Бүкіләлемдік студенттер универсиадасын, Су спорты түрлерінен әлем чемпионатын, футболдан әлем чемпионатын өткіздік. Бұл аралықта жас волонтерлер мен түрлі мамандар легі қалыптасты. Яғни, әрбір ауқымды іс-шара қаланы, оның инфрақұрылымын және тұрғындардың біліктілігін жаңа бір деңгейге шығарады», - деді И. Метшин.

Эстониядан келген Таллин мэрі Михаил Кылварт қаланың Финляндия астанасы Хельсинкимен өзара байланысын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, еуропалық астаналар егіз-қалалар тұжырымдамасын дамытып жатыр.

«Бірнеше қаланың қоғамдық көлігіне жарайтын жол жүру билетін беретін жобамыз бар. Осылайша, Хельсинкиге келген туристер Таллинді де аралай алады. Біз Хельсинкимен байланыс орнаттық, Хельсинки өзге де серіктес қалалары бар. Туризмнің дамуын қадағалау қажет. Қандай туризмді дамыту қажет, қандай туристер келіп жатыр, қандай туристердің көбірек келгенін қалаймыз, осыны түсіну керек. Туристерді тартуда жергілікті тұрғындардың да мүмкіндіктерін ұмытпаған жөн. Егер туризм мен туристер жерігілкті халыққа проблема туындатса, мұндай туризмнің келешегі жоқ», - деді Михаил Кылварт.

Өз кезегінде Хельсинки (Финляндия) мэрінің орынбасары Пии Пакаринен цифрландырудың жаңа мүмкіндіктерін туризмде пайдалану қажеттігін, барлық қалаға туризмді тұрақты дамыту саясаты қажеттігін айтты.

«Еуропалық комиссия Хельсинкиді 2019 жылы Еуропаның «ақылды» қаласы болуы қажет деп бекітті. Біз БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарына ерікті түрде қосылған Нью-Йорктен кейінгі екінші қаламыз. Бізге туристердің ғана емес, тұрғындардың да жайлы өмірін қамтамасыз ететін тұрақты туризм қажет», - дейді Пии Пакаринен.

Ташкент (Өзбекстан) қаласыынң әкімі Джахонгир Артыкходжаев тарихи қалада «Smart city» элементтерін енгізу туралы әңгімеледі.

«Smart city» жобасы аясында қалада үлкен технологиялық орталықтар құрып жатырмыз. Қалада 5G жүйесі іске қосылған. Ташкенттің 11 ауданы бар және оның әрбіріне сай келетін технологиялар енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта тегін 5G Wi-Fi орнатқымыз келеді. Автобустар мен метроларға цифрлық технологиялар енгізу керек. Өткен жылы 200 мың адам метроны қолданды. Осылайша, жолдағы көлік кептелісін азайттық», - деді Ташкент әкімі.

Айта кетейік, 10-12 қазан күндері елордада Бүкіләлемдік туристік ұйымның (UNWTO) қала туризмі жөнінде VIII жаһандық саммиті өтеді. Онда ақылды қалаларды дамыту арқылы қаланың өзекті мәселелерін шешу, қаланы басқару, тұрақты даму, инновациялар мен технологиялар тақырыптары талқыланады.

Саммиттің ашылуында Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев елордада Disneyland ойын-сауық паркі салынатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар