+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 386.70 EUR 427.15
RUB 6.06 CNY 54.57
Jańalyqtar

Хайреттин Ивгин: Астана - Қазақстанның Ыстанбұлы

2018 жылғы 18 маусым 16:09
Бөлісіңіз:
Хайреттин Ивгин: Астана - Қазақстанның Ыстанбұлы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биылғы 2018 жыл - Қазақстанның елордасы - Астананың 20-ы белесі. Қысқа ғана уақыт ішінде бой көтерген Астана - заман сұранысына жауап бере алатын алып шаһарға айналды, деген пікірімен бөлісті Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин Ивгин.

Оның пайымынша, елорда - әлемде қала құрылысы тұрғысынан қазіргі уақытпен үндесетін, мәдени көрінісі мен сәулеттік сипаты жоғары және техникалық талаптарға сай салынып, күн сайын кеңейіп келе жатқан мегаполистердің бірі һәм бірегейі. Тіпті, Астана 14 жыл ішінде-ақ адам танымастай өзгеріп, 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанған еді.

Астана - қазақ мемлекетінің теңдессіз жауһары, Ақ ордасы. «Астана» ұғымы «бас қала» деген мағынаны білдіреді. Бұл атауды ірі мемлекеттік қайраткер, түркі әлемінің ұлық көшбасшысы, қадірменді тұлға Нұрсұлтан Назарбаев еншіледі.

«Астана» сөзі - парсыдан тарап, барлық түркі елдерінің тіліне еніп, еркін сіңіп кеткен. Түпнұсқасы - «Аситане». Түсіндірме сөздіктерде бірнеше нұсқада кездеседі. «Табалдырық, дәргей, үлкен зікірхана, мемлекет қақпасы, бас қала, ақ орда» тектес мазмұнға ие. Кейбір әдеби туындыларда «аситан», «пәни» тіркестері бірге аталып, «дүние» мағынасында пайдаланылатынын байқаймыз. Шынтуайтында, «аситане» сөзін «Ыстанбұл» ретінде Осман мемлекетінде қолданған және қарсылықсыз қабылдаған.

«Аситане» Ыстанбұлдың бет-бейнесімен жарастық тауып, ажарын айшықтау үшін дөп баса айтылған. Осыдан 150 жыл бұрынғы Осман мемлекетінен қалған туындылар мен жазылған хаттарда Ыстанбұлды «Аситане» деп атаған дәйекті дәлелдер бар. Ол аз десеңіз, айбыны мен айдынын паш ету мақсатында «Аситанеи саадет» (Бақытты астана), «Аситанеи алийе» (Ұлы астана) деп те әспеттеген.

Ыстанбұл - бүгінгі сәтте әлем көз тіккен қала және дүние жүзіндегі ең сұлу, көрікті мекеннің бірі. Сондықтан Ыстанбұл сынды заңғар көкпен бой таластырған Астанаға бұл атау әбден жарасады деген ойдамыз. Шырайлы шаһарға ат қойып, айдар таққан Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа құрмет, ықыласымыз шексіз.

Астана - Қазақстанның да, Түркияның да, күллі түркінің де қазіргі Ыстанбұлы. «Түркілік рухты балаларымыздың бойына сіңіріп, күллі әлемге танытуға тиіспіз», «Қазақ жұртының арғы түбі - ғұндардан басталады, көктүріктерден жалғасып, Алтын ордаға ұласады. Кейін Тәуелсіздікке тіреледі. Біз кеше ғана пайда бола қалған халық емеспіз» деген ұлы қайраткер Нұрсұлтан Назарбаев Астананы өз қолымен орнықтырды. Біздер бұл мәңгілік аманатты көзіміздің қарашығындай сақтаймыз және әрдайым ұлықтап өтеміз.

Астана дәуір ағымымен, жаратылыстың жалғасуымен дамып, өркендей түседі. Азияның ғана емес, әлемнің ең қадірлі бас қаласы атанарына сенім мол. Ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің экономикалық дамуына қатысты көрегенділікпен, кемеңгерлікпен алға қойған мақсат-идеясы мен жобаларынан өз үлесін ала бермек. Ерекше мақтанышымыз ретінде жүрек түкпірімізден де берік орын табары хақ.

Әлем сөз академиясының төрағасы Хайреттин ИВГИН

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT