Хайнань аралында Боао Азия форумы басталды

None
Фото: Xinhua/Fan Yuqing
БОАО. ҚазАқпарат - Сейсенбі күні Хайнань аралында «Белгісіздіктегі әлем: сын-қатер алдындағы ынтымақтастық пен ниеттестік, даму үшін ашықтық пен инклюзив» ұранымен Боао Азия форумы (БАФ) ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі оқиға орнынан.

БАФ дәстүр бойынша баспасөз конференциясынан басталып, ұйымдастырушылар Азия аймағындағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы екі баяндама жасады.

Төрт күнге жоспарланған форум барысында 50-ге жуық іс-шара өтеді.

БАФ-тың ашылу салтанаты 30 наурызда өтеді, оған ҚХР Мемлекеттік кеңесінің жаңа премьері Ли Цян, басқа елдердің үкімет басшылары мен ірі халықаралық ұйымдар қатысады.

«Белгісіздік – бүгінгі әлемнің айқындаушы сипаты. Бұл белгісіздік бірқатар маңызды қиындықтармен ерекшеленеді. Коронавирус пандемиясы, геосаяси қақтығыстар, әлемдік экономиканың құлдырауы немесе жаһандық жылыну, бұл сын-қатерлердің кез-келгені тек бүгінгі күнді ғана емес, болашақты да қамтиды. Осы сын-қатерлер жағдайында халықаралық қоғамдастық белсенділік таныта бастады және ынтымақтастықты нығайтуға және дамуға ықпал етуге ұмтылуда», - деді БАФ-тың бас хатшысы Ли Баодун брифингте.

Сондай-ақ форум аясында «экономикалық даму және қауіпсіздік», «туризм», «жасыл қаланы дамыту», «денсаулық» және «ғылыми-техникалық инновациялар» сынды тақырыптарда конференциялар өтеді.

Форум алаңдарында климаттың өзгеруіне жаһандық ден қою, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және «Белдеу және жол» бастамасының жоғары сапалы құрылысы мәселелері қозғалады.

БАФ - 2023 офлайн режимінде өтеді. Форумда 50-ден астам ел мен аймақтан 2 мыңға жуық ресми қатысушы, сондай-ақ 40 ел мен аймақтан 170-тен астам медиа ұйымдардың атынан 1,1 мыңнан астам журналист тіркелген. Пікірталастарға әлемнің түкпір-түкпірінен 90-нан астам саясаткер мен Үкімет мүшелері, халықаралық және аймақтық ұйымдардың 11 басшысы, беделді ғалымдар мен саясаттанушылар және ірі халықаралық корпорациялардың өкілдері қатысады.

Форумның құрметті қонақтары ретінде Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас хатшысы Матиас Корман, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Чжан Мин, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) Бас хатшысы Као Ким Хорн және басқалар болады.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылы БАФ-тың жыл сайынғы кездесуі тоқтатылып, 2021 жылы өткізілді. Бұған дейін БАФ жыл сайынғы іс-шарасы тек 2003 жылы, ҚХР-да атипиялық пневмания өршіп тұрған кезде тоқтатылып, қарашаға ауыстырылды.

2022 жылы БАФ отырысы тарихта алғаш рет жабық жүйеде өтті. Барлық форум қатысушылары оқшауланған қонақүйлерден БАФ конференциясы өтетін жерге жеткізілді.

Биылғы форумда коронавирус сынағын тек БАФ ашылу салтанатына және іс-шара аясында жоспарланған жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулерге қатысушылар ғана тапсырады.

2001 жылы негізі қаланған Боао Азия форумы – 29 мемлекет, оның ішінде Қазақстан да бастамашы болған халықаралық ұйым.


Соңғы жаңалықтар