Хасан УЛУСОЙ: Елбасымен кездескенім естен кетпейді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана қаласының дамуы мен қадірменді Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы ой-пікір білдіруді өтінгенде қатты қуандым. Елбасының 10 жастағы бала кезінде мыңдаған метр биіктіктегі тау шыңына жалғыз өрмелеп шығып, шаттыққа бөленетін сәті көз алдыма елестеді»,-дейді «Нобель Илач» компаниясы басқармасының төрағасы Хасан Улусой.

«Әлемнің ту төбесінде, жердің ең бигінде тұрғандаймын. Төмен көз тастағанымда кең даладағы жоталар мен шатқалдардың арғы жағынан Астана, болашақ бас қала салынатын аймақты көргендей болдым»...

Осы жолдарды Президенттің өзі қолтаңбасын қойып сыйлаған мемуарлық кітабынан оқыған едім. Шам жанған ауыл - Шамалғанда өткен балалық шағы туралы жазылған естеліктерден әсерленбеу мүмкін емес-ті. Сол әңгімелерін оқып, кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер көшбасшыға және Астанаға деген қызығушылығым тіпті артты.

Жұмыс бабымен көп елге бардым, небір қаланы көрдім. Алайда Астана сияқты таза, жүйелі және қауіпсіз бой көтерген қаланы бірен-саран жерде ғана кездестіргенім бар. Қайсар мінез халықтың бас қаласында болуға тиіс барлық дүние жоспарлы түрде, жоғары талғаммен жасалған. Заманауи талапқа сай архитектурасы, бірі-бірінен асып түсетін ғимараттары, саялы саябақтары арқылы таңданысымды оятқан шаһарда білім мен қоғамдық өмірге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар мені бірден баурап әкетті. Опера және балет театры, «Бәйтерек», «Әзірет Сұлтан» мешіті - таңғаларлық жобалар. Назарбаев Университеті де қайран қалдырады. Ел ертеңі үшін жас буынды жетілдіріп қана қоймай, халықаралық беделге ие болу мақсаты көзделіпті.

Қазақстан - ортақ мәдени мұра мен ұлттық санасы арқылы әрдайым әлемді қызықтырған мемлекет. Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы күннен жиі барып-келіп жүретін, ынтымақтастықты арттыру үшін ізденісімізге үнемі сеп болған елдердің бірі. Инвестиция салу үшін ешқандай күдік келтірмеді, денсаулық сақтау саласындағы ең ірі компаниямызды жарқын болашаққа бастап отыр. 400 қазақ бауырымызға жұмыс орнын ашу біздер үшін үлкен мақтаныш.

Қалыптасқан мықты жүйесі арқылы көңілімізге сенім ұялатқан Қазақстанның азғантай уақытта жүріп өткен жолының оңайлықпен келе салмағанын, дамудың бастауында еселі еңбек, үздіксіз ізденіс жатқанын естен шығармаған жөн.

Адамның тағдырындай елдің де, жердің де тағдыры болатынына сенемін. Тәуелсіз Қазақстанның күндей жарқырап шығуы, кісі қызығарлық дәрежеге қол жеткізуі мен көшбасшының мемуарлық хикаясы арасында тығыз байланыстың бар екенін байқаймын. Алатаудың етегіндегі Үшқоңыр жайлауынан басталып, жоқшылық пен қиындықтарды артқа тастаған өмір аппақ армандарға ұласты. Таңғажайып табандылық пен нәзік дипломатияның арқасында көк байрағы көкте желбіреген жаңа мемлекет пайда болды.

Империя ыдырағаннан кейін көптеген елдердің байлығына бақай есеп жүргізгісі келген күрделі саясатқа қарамастан Қазақстан Батыс Еуропадан әлдеқайда үлкен аймаққа иелік етіп, ширек ғасыр ішінде әлемге танылды. Жер жүзіндегі алпауыттардың басына қара бұлт үйіріліп тұрған сәтте, өз халқының болашаққа деген үмітін жаға алу нағыз ерлік емес пе?

Жастайынан білім қуып туған жерінен, отбасынан алыстап, өмір белестерінен өтіп, 44 жасында КСРО-дағы ең жас премьер-министр болып тағайындалуы пешенеге жазылған бармақтай бақ болса керек.

Президенттің өмірбаянын оқып көрсеңіз, 1991 жылдан бүгінгі таңға дейінгі атқарған істері ғұмыр бойы жинақтаған тәжірибесінен туғанын байқайсыз. Студент кезінде көшбасшылығымен көзге түсіп үлгеріпті. Тоталитарлық жүйеге қаймықпай қарсы тұрып, тура айтудан тартынбағаны нағыз тұлғалық қасиет емей, немене?! Таласуға тура қарай алмайтын тақырыптардың өзінде біліктілікке, білімге, тәжірибеге негізделген ұсыныстары қаншама?! Айта берсем, таңданысым бұнымен шектеле қоймас.

Ең бастысы аса ардақты Нұрсұлтан Назарбаевпен танысу бақытына ие болдым. Алғашқы кездесуде-ақ оның кішіпейділік танытып, бауырына тартып тұратын даналық қасиетін байқадым. Қоғамның барлық тобы мен азаматтары осы мінезін жоғары бағалайды, шынайы жақсы көреді.
Мәртебелі Елбасының бойында мен үшін мәні зор тағы бір қасиеті бар. Жастық шағында металлургия саласында еңбек етуге бел буып, мектепте химия сабағын ұнатқанын білдім. Мен де оның замандасы ретінде сол жылдары талай шытырманды оқиғаларды басымнан өткеріп, туған жерімнен алыстап, химия пәніне ден қойған едім. Кейін фармацевтика өндірісінде еңбек еттім. Менің де өмір жолым тағдырлас Қазақстан елінде жұмыс істеуге алып келді, соның арқасында құрметті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысып, өндірістік орнымызды көрсетіп, өзінің қолтаңбасымен кітабын алдым. Ұмытылмайтын естелік, естен кетпес күн болды.

Атқарған істері мен таудай тұлғасы арқылы түркі әлемінің ақсақалы атанған қадірменді Елбасыға алғыс айта келе, бұдан кейінгі жылдарда да еліне басшылық етуіне тілектестігімді жеткіземін. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Астананың 20 жылдығымен құттықтаймын.

Хасан УЛУСОЙ
«Нобель Илач» компаниясы
басқармасының төрағасы


Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Соңғы жаңалықтар