Харьков қаласында ұлы Абайға ескерткіш орнатылады

None
None
ХАРЬКОВ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дархан Кәлетаев Харьков қалалық кеңесінің хатшысы Игорь Тереховпен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іссапар барысында қаланың орталық алаңдарының біріне ұлы Абайдың ескерткіші орнатылатыны туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесуде мүсінші Сейфаддин Курбанов ескерткіштің жобасымен таныстырды.

Бұл жоба ескерткіш-триптих түрінде жасалған. Мүсінші бұл еңбегін «Өмір ағашы» деп атады.

Ескерткіштің орта тұсында хакім Абай бейнеленген.

Ұлы ақынның қос қапталында Украинаның халық ақыны Григорий Сковорода мен Әзірбайжанның ағартушы, философы Мырза Фатали Ахундовтың кескіндері әдіптелген.

Ескерткіштің жалпы биіктігі – 4 метр. Гүлзардың аумағы – 2 543 шаршы метр.

Ол Харьковтегі халық ең көп жүретін, демалыс аймағындағы көрнекі жерде орналасқан.

Төңірегі субұрқақтармен қоршалып, жасыл желектермен көмкерілген.

Дархан Аманұлы өз кезегінде қала басшылығының игі бастамасына ризашылығын білдіріп, ескерткіш-триптихтің бауырлас, туысқан халықтар арасындағы рухани байланысты одан әрі тереңдетіп, олардың мәдениеті мен өнерін кеңінен тануға, игеруге және өзара ынтымақтастықты арттыруға зор септігін тигізетінін тілге тиек етті.

«Бұл ескерткішті біздің украин бауырларымыздың қазақ халқына, қазақ тарихы мен руханиятына көрсетілген шексіз құрметі ретінде қабыл аламыз», - деді елші.

Осы орайда, соңғы уақытта Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың жаңа сапаға көтеріліп, ерекше қарқын алғанын атап өткен жөн.


Соңғы жаңалықтар