Ханчжоуда Қазақстанның экономикалық зерттеулер орталығы ашылды

None
None
ХАНЧЖОУ. ҚазАқпарат - Чжэцзян экономика және қаржы университетінде Қазақстан экономикалық зерттеулер орталығының салтанатты ашылу рәсімі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Орталықты ашуға Қазақстан Республикасының Қытайдағы Елшілігі мен Шанхай қаласындағы Бас консулдығы қолғабыс етті. Жаңа орталықта қытай студенттері мен сарапшылары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихы, мәдениеті және дәстүрлерімен танысады.

Шарада сөз сөйлеген Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев жиналғандарға «Қазақстан-2050» Стратегиясының негізгі бағыттары, ҚР Президентінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуының басқа да міндеттері туралы айтып берді.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Қытайдағы алғашқы орталығы Бейжің шет тілдер университетінде 2015 жылғы 13 желтоқсанда ашылған болатын. Кейіннен Шанхай, Дальян, Сиань шет тілдері университеттерінде де Қазақстанның орталықтары ашылған. Бұл жолғы орталық - бесіншісі, ал экономикалық бағыттағы алғашқы орталық болып отыр.

Орталықтың басты міндеттерінің бірі - «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен серіктестік байланыстарды нығайту. Ханчжоу Қытайдың жаңа технологияларды дамыту жөніндегі ірі мегаполистерінің бірі екенін ескерсек, цифрлық экономика, блокчейн технологиялар, инновациялық стартаптар және электронды сауда салаларындағы тәжірибе алмасу осы орталықтың еншісінде болмақ.

Орталықтың ашылуына орай, Ханчжоуда Қарағанды филармониясы Симфониялық оркестрінің салтанатты концерті өтті. 

Соңғы жаңалықтар