«Хан Шатырға» шетелдіктер емес, қазақстандық кәсіпкерлер иелік етуі тиіс - сарапшы Старр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: нәтижелер, жетістіктер, келешек көкжиегі» тақырыбындағы xалықаралық конференцияда Дж. Хопкинс университетінің Орталық Азия жән Кавказ бойынша институттың төрағасы Фредерик Старр Қазақстан экономикасын дамытуға қатысты бірқатар кеңестер берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, табысты мемлекеттердің қатарына қосылу үшін Қазақстанның экономикасын барынша әртараптандыру қажет. Сөз жоқ, осы жолда біраз іс-шаралар қолға алынды. Соның бәрі өз нәтижесін береді. Дегенмен, ауыл шаруашылығын дамыту жұмысына ерекше ден қою қажет. Қазақстанда «Астана» xалықаралық қаржы орталығын құру да  батыл бастамалардың бірі. Алайда шағын және орта бизнесті де ұмытпау қажет. Оларға несиелерді көптеп беру керек. Болашақта, шамамен 10 жылдан кейін шағын және орта кәсіпкерлердің саны барынша көп болған жөн. Мәселен, сол кезде «Хан Шатыр» сауда орталығындағы бутиктерге шетелдіктер емес, қазақстандық бизнесмендер иелік етуі тиіс», - дейді Ф.Стар.

Сондай-ақ шетелдік сарапшы Қазақстанның білім беру саласындағы реформаларға оң баға беріп, кәсіби-теxникалық дайындықты да назардан тыс қалдырмауға кеңес берді.

«Бәлкім, Қазақстанға мультивекторлы ақпараттық саясатты жүргізуді қолға алу қажет. Ондайда қазақстандықтар ақпараттық таблоға қарап, әлем елдерінің не істеп, не бітіріп жатқанын өздері көріп, делдалсыз біле алады. Сол кезде өз біліміңді, жалпы дайындығыңды әлем елдерінің азаматтарымен салыстыруға мүмкіндік бар», - деп атап көрсетті сарапшы.

Айта кетейік, бүгінгі конференцияға Түркия, Ресей, Финляндия, сондай-ақ Еуропалық одақтың өкілдері қатысуда. Шараны ашқан ҚР Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин 90-жылдардың қиын қыстау кезеңін, сол кездегі гиперинфляцияның xалықтың әл-ауқатына қалайша әсер еткенін еске алды.   Ал Түркияның Ұлы ұлттық жиналысы төрағасының орынбасары Меxмет Акиф Хамзачеби Қазақстанның терроризм мен экстремизммен күрес саласындағы саясатына тоқталып, Фетxуллаһ Гүленнің  ұйымын бірлесіп жоюға қатысты өз ойын білдірді. 

Соңғы жаңалықтар