«Хан Шатырдағы» бала өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық орталығында мектеп оқушысының бассейнге батып кету оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше қылмыстық іс қозғалды. Негізінде ол жерде мектеп ұйымдастырған балалардың жазғы лагері болған. Кеше бассейнге 30 бала суға түскен. Қыз бала батып кетіп, қайғылы оқиға орын алды. Дәл сол уақытта құтқарушы қайда болғанын, неліктен ол дер уақытында шара қабылдамағанын қазір анықтап жатырмыз. Ұйымдастырушылардың да жауапкершілігі мәселесі көтерілуде. «Неліктен олар сол жерде балалар лагерін ұйымдастырды, неге қауіпсіздік шараларын ұйымдастырмады?» деген мәселе де қарастырылып жатыр», - деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бассейндегі барлық бейнебақылау камераларының жазбалары зерделеніп жатыр.

«Сот-медициналық сараптама да жүргізілу үстінде»,- деді Ерлан Тұрғымбаев.

Бұған дейін елордадағы «Хан Шатыр» СОСО бассейнінде қыз бала суға кетіп, тергеу амалдарының жүргізіліп жатқанын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар