Хан ордасы музейіне Жәңгір хан мен Шығай сұлтан мөрлерінің нұсқалары табыс етілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөкей ордасы ауданындағы облыстық Хан ордасы музейіне Бөкей хан (1812-1815) мен Шығай сұлтанның (1816-1824) мөрлерінің қайта қалпына келтірілген нұсқалары табыс етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жұмыс әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ұлы дала тарихы мен мәдениеті» мақсатты жобасы (жетекшісі - профессор Талас Омарбеков) аясында жүзеге асырылды.

Мөрлердің музейлік ғылыми атрибуциясын, реконструкциясын жасау ісіне осы универитеттің профессоры, этнограф-ғалым Тәттігүл Қартаева жетекшілік етті.

Тәттігүл Ерсайынқызының айтуынша, мөр мемлекеттіліктің тарихын, хандардың жарлығын, қатынас хаттарын айғақтайтын маңызды дәлел болып табылады.

Хан, сұлтандар мөрінің бай, тархан, старшындардікінен айырмашылығы, күмістен соғылған, бүйірі жалпақ, ұшы жоғары қарай сүйірленіп бітеді. Олар «жазғандарымды куәландыру үшін мөрімді бастым» деген сөздермен аяқтап отырған. «Хат бердім даулы жерге мөр басатын, Қолында қызыл алтын жүзігі бар», деген жолдардағы «қызыл алтын» сөзі күміс бетіне апталған, жалатылған алтынды меңзейді.

Бөкей хан 1812 жылға дейін сұлтан кезінде қолданған мөрінің қорғанына шексіздік өрнегін салдырған.Ал хандық таққа отырған соң соғылған мөрінің қорғанына жапырағын жайған бұтақ бейнесін беретін көгеріс өрнегін алған. Шығай сұлтан ресми хан титулын алмағанымен, халық хан санаған. Билік еткен жылдарында қолданған мөрінің қорғанында жұлдыз өрнегі салынған. Хан, сүлтандардың мөрлері бір-бірінен қорғанындағы өрнегі және жазуымен ерекшеленеді.

Хан мөрлерін қайта жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясысәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқытушысы, зергер-реставратор Естай Даубаев.

Хан мөрлерін қайта қалпына келтіруге архив құжаттары, жазба деректер (Абу-л-Фазл Байхаки, И.Казанцев, т.б.), ғалымдардың ғылыми зерттеулері (И.В.Ерофеева, Н.Әлімбай, Е.Ш.Шаймерденов, Қ.Омарханов, В.Л.Янин, т.б.), фольклорлық деректер, Шыңғыс хан, Сүлеймен пайғамбардың (кейін Су патшасы Сүлеймен атанған) мөрлері туралы аңыздар негіз болды. Археологиялық мөрлер қайта зерттелді. Бұған дейін қайта соғылған Абылай хан, Жәңгір хан мөрлері қайта зерделенді.

Профессордың пайымдауынша, жүзік түріндегі мөрдің барлық түрін зергерлер соққан. Мөрлі жүзік соғу технологиясында қолданылатын қалыптау, безеу, сымкәптек, күміс бетіне күміс қондыру, қақтау, аптау сияқты дәстүрлі әдістер әшекейлік күміс жүзік соғудағы тәсілдермен бірдей. Ерекшелігі, оның тек мөр ретіндегі статусын анықтайтын ресми жазулары мен бедерлері, лауазымдық мазмұны. Мөрлі жүзіктің бетіне тас орнатылмай, тек металдан соғылса, бетіне жазу, ою-өрнек, таңба шекілді. Жазу мазмұнын оның иесінің шыққан тегін растайтын арнаулы таңбасы, тапсырушының қалауы бойынша лауазым белгісі, мемлекет аты, иесінің аты-жөні құраған. Мөрлер 925 сынабындағы күмістен байырғы күміс үстіне күміс қондыру, ою, қарайту әдістерімен соғылды.

«Қазіргі таңда бізге келіп жеткен деректерді қайта зерделей келе, қазақтың хан, сұлтандары мөрлерін жүзік түрінде соқтырғанымен, қолдарына тағып жүрмеген, құжаттарды куәландырған кезде тұғырын саусаққа «айнатеріс» тәсілімен, яғни сүйір басын жоғары қаратып киіп (құсмұрын жүзіктің тағылуынан теріс) немесе тұғырынан қолға ұстап басқан. Хан, сұлтандардың мөрінің бейнесі хан жасағының байрақ басының бейнесіне сәйкес келген деген түйін жасадық.

Ал мөр бояуын көпестерден сатып алған немесе қолдан табиғи жолмен әзірленген. Табиғи мөр бояуы фольклорлық мәліметтер бойынша бидай, тарыны күйдіріп қуырып, күл, күйе жасау арқылы алынған», дейді ғалым.
null

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Жәңгір хан құдығы қалпына келтірілгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар