Халықтың үніне құлақ асқан ұтады - Нұрлан Сәдір

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Халықтың үніне, мұң-мұқтажына құлақ түргеннен билік те жаман болмайды. Бұл туралы Орал қаласында тұратын «Телегей» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, блогер Нұрлан Сәдір мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қазіргі қоғамдағы көкейкесті мәселелерге тоқталды.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында ілгерілеушілік бар. Айналдырған үш айдың ішінде атқарылған шаруа, қол жеткізілген нәтижелер айтарлықтай», - деді Нұрлан Сәдір.

Оның пікірінше, Президент атап өткеніндей, митингілер туралы жаңа заң жобасының дайындалып, қабылдануы бейбіт жиындардың өту барысын реттейтін болады. Бұрынғыдай рұқсат беруді күтпей-ақ ескерту, жай хабардар ету жүйесіне көшсе, одан қоғам да ұтады.

Екіншіден, 174-баптың ізгілендірілуі қоғамдағы теке-тіресті азайтып, келісімге келуге мүмкіндік береді. Сол сияқты Қылмыстық кодекстің 130-бабын (жала жабу, сөз еркіндігі) әкімшілік айыпқа айналдыру да көңілден шықты.

«Саяси партиялар ашу үшін мүшелер санының 40 мың емес, 20 мыңға дейін қысқарғаны жақсы. Бірақ Қазақстан үшін бұл да көп деп ойлаймын. Қатарында үш-төрт мың адамы бар партия да көп нәрсені тындыра алады. Ең бастысы, санда емес, сапада. Қорыта айтқанда, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында қабылданған шешімдер – қоғам үшін едәуір прогресс. Алда шешімін күтіп тұрған мәселелер де өте көп. Оны бірлесіп шешуге билік те, халық та мүдделі болуы керек», - деді қоғамдық бірлестік жетекшісі.

Соңғы жаңалықтар