Халықтың табысын арттыру, жұмыспен қамту және бизнесті дамыту: Президент қандай тапсырмалар берді

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтті. Президент Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеді. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Мемлекет басшысы кеңесте саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті. Ол еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құру керек екенін айтты. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ ол Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуі тиіс бірқатар мәселені атап өткенін еске салды.

«Бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы жүйелі әртараптандыру – стратегиялық міндет.

Қазақстандағы қалалардың келбеті көңіл көншітпейді

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі ірі қалалар, соның ішінде елорданың келбеті бүкіл республиканың имиджіне әсер ететінін ерекше атап өтті. Дегенмен Президент Астана ғана емес, елдегі бүкіл деңгейдегі қалалар таза әрі әдемі болсын дегенді алға тартты.

«Біз республикамыздағы бүкіл қалалардың, әсіресе Астананың жағдайына баса назар аударуымыз керек. Мойындайықшы, қалаларымыздың келбеті көңіл көншітпейді. Балалар ойнайтын алаңдар дұрыс жабдықталмаған, үйлер ала-құла. Шетелге шыққанда, әсіресе Шығыс Еуропаның, Балқандағы қалалардың келбетіне қарап, көз сүйсінеді. Тап-таза. Бұл бір жағынан сол қала әкімшілігінің жұмысы болса, бір жағынан халықтың мәдениетіне байланысты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент қала әкімшілігінен бөлек, сол қалалардың тұрғындары да өз көшелерін, өз үйлерін таза ұстасын деген тілегін білдірді.

«Астана болсын, облыстағы басқа қалалар болсын, бәрінің жағдайы қазір нашар деңгейде. Мына жиында барлық деңгейдегі әкімдер отыр, осы мәселеге назар аударсаңыздар. Жуырда теледидардан бір сюжет көрдім, Семей қаласындағы балалар ойнайтын ауланы көрсетіп жатыр. Ауланың түріне қарасаң, ол жерде тіпті ойнаудың өзі қауіпті екенін түсінесің», - деді облыс орталықтарын да сынға алған Қасым-Жомарт Тоқаев.


Халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр

Мемлекет басшысы қазақстандықтардың табысы құнсызданып жатқанын мойындады. Ол мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін жеткізді.

«Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса, тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал. Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады», -деді Мемлекет басшысы.


Ол азық-түлік бағасын тұрақтандыруда Үкіметтің қауқарсыз болып отырғанын сынға алды. Президент ақпан айында инфляция шарықтау шегіне -21,3 %-ға жеткенін атап өтті.

«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз», - деді Үкіметтің жұмысын сынға алған Қасым-Жомарт Тоқаев.


Кейінгі бес жылда бюджетке 30 триллион теңге аз түскен

Сондай-ақ, ол макроэкономикалық саясатты өте байыпты жүргізу қажеттігін жеткізді. Соның ішінде, бюджет тапшылығын, мемлекет қарызын, Ұлттық қордан аударылатын трансфертті және басқа да макрокөрсеткіштерді реттеу керектігін баса айтты.

«Иә, экономикамыз өсіп жатыр. Бірақ салық түсімдерінің ішкі жалпы өнімге қатысты өсу қарқыны – тұрақсыз. Кейбір мамандар «Салық жеңілдіктері өте көп болған соң, түсім азайып жатыр» дейді. Бұдан басқа да себептер айтылады. Жалпы, соңғы бес жылда бюджетке 30 триллион теңге кем түскен. Әрине, бұл цифрдың дұрыс-бұрыстығын тексеру қажет. Талай жылдан бері жалғасып келе жатқан осы мәселені түпкілікті шешетін уақыт жетті», -деді Мемлекет басшысы.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Орта бизнес қарқынды дамымай отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев монополиядан арылту жұмыстарына баға берді.

«Экономиканы монополиядан арылту – маңызды міндет. Бұл бағытта нақты жұмыс басталды. Нәтижесі қазірдің өзінде жаман емес. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Елімізде мекемеаралық комиссиялар құрылды. Олардың алдына нақты міндеттер қойылды. Осыған орай, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау керек. Мұның бәрі – уақытша міндет емес. Керісінше, бұлар – жаңа экономикалық саясаттың басты қағидаттары. Тауар нарығының монополиялық құрылымы әлі де өзгере қойған жоқ. Оның үстіне бизнес, әсіресе, орта бизнес қарқынды дамымай отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Халықты, жастарды жұмыспен қамту мәселесі

Мемлекет басшысы халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет екенін алға тартты. Ол қазіргі таңда еңбек нарығында жастардың үлесі артып келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Үкіметке және әкімдерге 2030 жылға қарай 3 миллион 300 мың адамды жұмысқа тұрғызу туралы тапсырма берілген. Оның 2,2 миллионы жастар болуға тиіс екенін баса айтты.

«Жаңа жұмыс орындары уақытша емес, тұрақты болғаны жөн. Елімізде аймақтардың жұмыспен қамту карталары бекітілген. Соған сәйкес жыл сайын шамамен 950 мың адамға жұмыс тауып беру көзделген. Ол үшін бюджеттен 130 миллиард теңге бөлінді. Осы қаржының арқасында, яғни субсидия арқылы 150 мың адам жұмысқа орналасады. Оның бәрі – жастар және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтар», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің дерегінше, жастардың кәсіпкерлік бастамасына қолдау көрсету үшін 40 миллиард теңге бөлінді. Қаражат аймақтарға берілді. Қазір бизнес саласындағы үздік идеяларды таңдап алу үшін конкурстар басталды.

«Халықты, жастарды жұмыспен қамту – Үкімет үшін аса маңызды міндет. Әкімдер бұл жұмыстың нәтижелерін тұрақты түрде баяндап тұруы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әлеуметтік кепілдіктер көлемі қысқармайды

Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кепілдіктерді азаматтардың мұқтаждығына қарай қайта бөлуді тапсырды.

«Адами капиталды тиімді дамыту аясында мемлекеттік әлеуметтік қолдау нақты адамдарға бағдарланған және атаулы болуға тиіс. Әлеуметтік кепілдіктердің ағымдағы көлемі қысқармауы керек, бірақ шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзінше, мемлекет әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсете береді.

«Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік саясатқа негізделуі керек. Бұл «Жалпыға бірдей жұмыспен қамту» қағидатын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет

Мемлекет басшысы елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажеттігін баса айтты. Оның айтуынша, қоғамның қауіпсіздігін және тұрақтылығын сақтау – мемлекеттің басты міндеті.

«Елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталуы қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Заң үстемдігі болмаса, тұрақтылық та болмайды. Ал тұрақтылық жоқ жерде ешқандай даму да болмайды. Сондықтан азаматтарымыз заңға бағынуы керек, ал құзырлы органдар заңбұзушылықтың алдын алуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрінде солай. Әкімдер – мемлекеттің жергілікті жердегі өкілі. Сондықтан бұл жұмысқа баса мән беру қажет», - деді Мемлекет басшысы.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Жылдам интернет пен сапалы байланыс керек

Қазақстан Президенті әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті екенін жеткізді. Осы тұста, ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс екенін атап өтті.

«Мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек», - деді ҚасымЖомарт Тоқаев.

Ұлттық банк инфляция мәселелерін шешуге толық қатысуы керек

Президенттің айтуынша, Ұлттық банк инфляция мәселелерін шешуге толық қатысуы керек. Ол осы тұста, Қазақстандағы инфляцияның монетарлық сипаты да бар екенін ерекше атап өтті.

«Сондықтан Ұлттық банк инфляция мәселелерін шешуге толық қатысуы керек. Инфляцияны бақылау міндеті Ұлттық банк пен Үкіметтің басты басымдығы саналады. Осы орайда жақсы үйлестірілген және кәсіби деңгейде жоспарланған жұмысты күтемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.


Қазақстан «орташа табыс тұзағына» тап болды

Мемлекет басшысы кеңейтілген кеңесте Қазақстан кейінгі 10 жылда «орташа табыстың тұзағына» тап болғанын айтқан болатын. Оның сөзінше, реформалар шынайы сипат алып, сауатты жүргізілсе, бұл тұзақтан 6-7 жылдың ішінде сытылып шығуға болады.

Осы тұста, тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде қозғаған экономикалық бастамаларына қатысты пікір білдірді.

«Президент айтқан «Орташа табыс тұзағы» деген не? Нақты бір адамды мысалға келтіріп айтсақ, табысың кедейліктен сәл жоғары, бірақ одан ары өсуге жол жоқ деген сөз. Былай қарасақ, жаман өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бәрі бар сияқты. Бірақ осы «орташа табыс тұзағынан» құтыла алмай отырмыз. Бұл тұзақтан құтылуға экономикалық өсім ғана жеткіліксіз. Экономиканың өсімін мұнайдың есебінен қамтамасыз етуге болады. Мысалы, ертең қандай да бір оқиғаның салдарынан мұнай бағасы барреліне 140 доллар болып қымбаттап шыға келсе, біздегі экономика оп-оңай 6%, 7% өсім көрсетеді. Бірақ ол адамдардың өмірін өзгертпейді. «Орташа табыс тұзағынан» құтылу үшін экономиканы әртараптандыру керек. Яғни шикізат экспортына арқа сүйеген экономикадан кетуіміз керек», - деді сарапшы.

Сарапшы бұл бағытта алғашқы қадам жасалғанын да тілге тиек етті. Алайда ол қадам жеткіліксіз екенін айтты.

«Мысалы, пандемия кезінде Қазақстанның қайта өңдеу саласы ел тарихында алғаш рет тау-кен өндірісінен көп өнім берді. Қазір тау-кен секторы қайта басымдыққа шықты. Бірақ өсімі тым баяу. Даму көрсеткіштері революциялық деңгейде болу үшін бізге революциялық қадамдар керек», - деді Андрей Чеботарев.

Сондай-ақ, ол ел арасында Үкіметтің елде тиімді зауыттар салмай жатқанын сынайтындар көп екеніне қатысты пікір білдірді.

«Үкімет нарықтық экономика жағдайында өздігінен зауыт ашып, электр стансаларын сала алмайды. Бұл - бизнестің жұмысы. Екіншіден, инвестор әкеліп, кепілдік беруі шарт. Қазір ауқымды инвестиция тартып жатқанымен революциялық серіпіліс жасауға жетпей тұр», - дейді сарапшы.

Андрей Чеботарев елімізде базалық мөлшерлеменің 16,75% болып тұруы бизнеске берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесіне әсер етіп отырғанын еске салды. Сондай-ақ, ол шағын және орта бизнес көбінде ғимарат пен қойма жалдап жұмыс істейтінін атап өтті.

«Бұл - қалыпты жағдай. Бірақ иелігінде ондай мүліктің болмауы бизнес иесінің банктерден несие алу мүмкіндігін төмендетеді», - деді Андрей Чеботарев.


Айта кетейік, бүгінгі жиынға Премьер-Министр, Парламент палаталарының спикерлері, Президентке тікелей есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, Сенат пен Мәжілістегі парламенттік фракциялар мен комитеттердің жетекшілері, облыстық және аудандық мәслихаттардың төрағалары қатысты.


Соңғы жаңалықтар