Халықтың қуаты - бірлікте!

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. «Байлық - байлық емес, бірлік - байлық» деген қазақта сөз бар. Ендеше бұл күн - Қазақстан халқының зор байлығы - бірлікті ұлықтап, ынтымақ пен татулықты дәріптейтін ерекше күн. «Ынтымақ болмай іс оңбас» деген де бабамыздан сөз қалған.

Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан-салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

1 Мамыр мерекесінің тарихына келсек, Қазақстанда 1996 жылдан бастап Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқының бірлігі күні ретінде аталып өтіліп келеді. Дегенмен, одан ілгерідегі кезеңде Кеңес Одағындағы еңбекшілердің таптық мерекесі болған бұл мейрам, тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгенде мүлдем жаңа­ша мән-маңызға, мазмұн-сипатқа ие болғаны анық. Айтулы күн ұлыстар мен ұлттардың бірлігін ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерін жұмылған жұды­рықтай тұтастыруға үндеп келеді. Сөйтіп мамыр мейрамы бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні деген мазмұнда жалғасын та­уып, көпэтносты елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.

Сонымен қатар, мамырдың алғашқы күні - Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажеттігін, оны еліміздің басты мерекесіне айналдыру идеясын Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2011 жылы көтерген болатын. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақын­дасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді», ‑ деген еді Елбасы осыдан екі жыл бұрын.

Жалпы, 1 мамыр қандай мереке? Кешегі Кеңес Одағындағы шараны Тәуелсіз елде жаңаша жаңғыртудың мәнісі қайсы? Осы сауалға жауап бермес үшін әлемдегі бейбітшіліктің қадірін арттырып отыратын түрлі ахуалға тоқтаған орынды тәрізді. Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Әлемде, жаһандық аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Күні кеше ғана тыныштық құшағында тұрған Украинаның бүгінгі ахуалы қандай? Бұл бір ғана мысал.

Сондықтан да, әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай олқы құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев ұдайы көтеріп келеді. Өткен жолғы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы мұны тағы бір мәрте қуаттаған. «Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады - бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім - әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!», - деген еді Н. Назарбаев.

Түптеп келгенде Мәңгілік Елге айналуды мақсат тұтатын ұлт - ең алдымен бірлігі жарасқан ұлт болуы керек!

Соңғы жаңалықтар