Халықтың көкейіндегі мәселелерді көтерген Жолдау

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Соңғы екі онжылдықта Қазақстан халқының билік тарапынан асыға күтетін маңызды әлеуметтік-экономикалық бастамалары Президент Жолдауы төңірегіне топтасатыны белгілі. Өйткені, ел басшысы тарапынан жасалатын Жолдауда қарапайым халықтың әл-ауқатынан бастап мемлекеттік саясаттың, халықаралық қарым-қатынастың өзекті бағыттары мен басымдықтары айқындалып жатады. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік басына келгеннен кейінгі Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты үшінші Жолдауын да жұртшылық асыға күткені анық. Осыған орай 7 бағыт пен президенттік 5 бастама төңірегінде өрбіген Жолдаудағы негізгі жайттарға шолу жасауды жөн көрдік.

QazVac-қа өзге елдерден де сұраныс бар

Пандемия... Осы сөзді естігенде жұртшылық үрке де үрейлене қарайтын болды. Бұл Қазақстан халқының ғана емес, коронавирус індетінен зәрезап болған бүкіл әлем жұртшылығының бойын билеген үрейге себепкер сөз десек те артық айтқандық емес. Мұның да нақты себебі бар сияқты. Оны Қазақстан Президенті нақты атап, әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін екенін, сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтып жатқанын ескертіп отыр.

«Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір «бустерлік вакцинаны» сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн»,- деді Мемлекет басшысы.

Иә, коронавируспен күресте Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің біріне айналып отыр. Қазірдің өзінде QazVac-тың тиімді әрі қауіпсіз екеніне шәк келтірмейтін әлемнің бірқатар елі оны сатып алуға пейіл танытып отыр. Жалпы, еліміздің QazVac-тан басқа да вакциналардың қоры жеткілікті. Яғни, тұрғындарға таңдау жасау мүмкіндігі берілген. Қазіргі уақытта елімізде екпе алуға асыққан жұртшылықтың қатары күн сайын артып келе жатыр. Алайда, мәселенің байыбына бармай байбалам салған «антиваксерлердің» кесірінен кейбір азаматтардың бойында вакцинаға сенімсіздік пайда болғаны да жасырын емес. Бірақ, солардың желікпе сөзінің жетегіне еріп, вакцина пайда болғаннан кейін ғана адамзат тарихында миллиондаған жанның өмірін жалмаған қауіпті дерттерге тосқауыл қойылғанын естен шығарып алатынымыз да бар.

«Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуге тиіс. Сондықтан, екпе алуға қарсы үгіттеп жүргендердің жетегінде кетпеген жөн», - деп ескертеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, медицина саласына қомақты қаржы құйып, оны инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсау қажет. Сонымен қатар фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөліп, медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құру керек. Бүгінде отандық нарықтың не бәрі 17 пайызын ғана құрайтын дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың көлемі 2025 жылы 50 пайызға жеткізілуі тиіс. «Дені сау ұлт» жобасы аясында кемінде 12 зертхана жоғары технологиялық құралдармен жабдықталуы тиіс.


Білімді ұрпақ - кемел ұлттың кепілі

Жоғарыда аталған коронавирус індеті салдарынан еліміздің барлық мектеп оқушылары оқуды қашықтан оқығаны белгілі. Осы орайда ұлттық телекоммуникация желілері тиімділігінің төмен болуы салдарынан елімізде оқуды тастап кеткен балалардың қатары арта түскен. Осы мәселеге баса назар аударған Мемлекет басшысы Үкіметке қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырды. Сондай-ақ халықаралық пәндік олимпиадаларда оза шапқан оқушыларға да барлық жағдай жасалуы тиістігін баса айтты.

«Биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Ондай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет. Біз оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар береміз. Бір реттік ақшалай сыйақы да төлейміз. Балалардың ұстаздарын да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырған жөн. Тұрмысы төмен отбасында өсіп жатқан балаларға орта білім берудің жалпыға міндетті стандарты аясында қолдау көрсету айрықша маңызды», - деді ҚР Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізу керектігін, бұл ретте, ұстаздардың курстан өту үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін атап өтті.

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін. Мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн. Толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көше бастауымыз керек. Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс», - деді ҚР Президенті.


Су және энергия тапшылығын жою жолы...

Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2030 жылға қарай әлемде су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек.

«Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл – ауқымды жоба. Бірақ, біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар»,- деді ҚР Президенті.

Жолдауда Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан-Маңғыстау» магистралды су құбыры жаңғыртылатыны және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынатыны да айтылды.

Мемлекет басшысы Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болатындығын, әлемдік тәжірибеде мұның ең оңтайлы шешімі бейбіт атом екенін де баса айтты.

«Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек. Үкімет пен «Самұрық-Қазына» бір жылдың ішінде Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерттеуге тиіс. Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстанда қазақ тілі ғана мемлекеттік тіл

«Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда», - деді Мемлекет басшысы.

ҚР Президенті мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келе жатқанын, бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі екендігін баса айтты.

«Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады. Жастарымыз өзге тілдерді, соның ішінде орыс тілін жетік меңгерсе, бұдан еш ұтылмайды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекара. Орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ресми алты тілдің бірі. Сондықтан, бұл мәселеге парасаттылықпен қарауымыз қажет»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент бастамалары

Жоғарыда айтқанымыздай, Президент Жолдауында 5 бастама көтерді. Оның біріншісі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешімді қамтиды. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. Ал екінші бастамаға сәйкес, жалдамалы жұмысшыларының еңбекақысын көбейткен жұмыс берушілерге реттелмелі сатып алу жүйесі аясында жеңілдіктер беріледі. Сондай-ақ, оларға мемлекет тарапынан белсенді қолдау көрсетілетін болады. Үшінші бастама аясында микро және шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін бизнес үшін еңбекақы төлеу қорына түсетін жиынтық салмақ 34 пайыздан 25 пайызға төмендетіледі.

«Төртінші бастама. 2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар. Сондықтан 2022 жылдан 2025 жылға дейін мемлекет осы санаттағы азаматтық қызметкерлердің жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіретін болады. Тұтастай алғанда, тағы 600 мың отандасымыз бұл бастаманың игілігін көреді»,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бесінші бастама аясында алдағы уақытта «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі аяқталатынына орай бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетіндігін айтты.

«Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді», - деді ҚР Президенті.


Соңғы жаңалықтар