Халықтың қалаға көшуін тоқтатпасақ, ауылды жөндегеннен не пайда – сенатор

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұхтар Жұмағазиев «Ауыл – ел бесігі» жобасының жүзеге асырылу барысындағы кемшіліктерді атады. Оның пайымынша, халықтың қалаға ағылуын тоқтату үшін де ауылды көркейту керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аграрлық секторды дамытуға кейінгі бес жылда 1,2 трлн теңге бөлініп, 2014 жылмен салыстырғанда 2,2 есе өскен. Осы жылдары субсидия көлемі де 152 млрд теңгеден 324 млрд теңгеге, өндірілген өнім көлемі 1,7 есе өсті. Әрине кейінгі жылдары шығындарды әкімшілендіруді жетілдіруде біршама жұмыс атқарылғанымен мемлекеттік ресурсты тиімді пайдалануда кемшіліктер сақталуда. Мәселен жергілікті органдардың сапасыз жоспарының салдарынан 2019 жыл мен алдыңғы жылдары қордаланған шаруаларға тиесілі 37 млрд теңгеге жуық мал шаруашылығына арналған субсидия қарыздары пайда болған. Осыған байланысты Парламент депутаттарының араласуымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қарызы толығымен өтелді», - деді Мұхтар Жұмағазиев Парламент Сенатының отырысында.

Сенатордың айтуына қарағанда «Ауыл ел – бесігі» жобасының мақсаты - ауылдың инфрақұрылымын дамыту, елді мекендегі су мен жол, денсаулық сақтау мен білім беру салаларына қатысты проблемаларды шешу, ауылдың әлеуетін арттыру.

«2019 жылы 30 млрд теңгеге 53 ауылдың инфрақұрылымы жөнделе бастады. Бұл маңызды жоба. Себебі еліміздің бай аграрлық әлеуетін пайдалана отырып, халқымызды органикалық өнімдермен қамтамасыз ету – тек ауыл тұрғындарының қолынан келеді. Төтенше жағдайдың өзінде көктемгі егіс жұмыстарын атқарып шыққаны осыған дәлел. Жалған урбанизацияға еріп, ауыл адамдарына қалаға көшу процестерін тоқтату үшін бұл жобаның сапалы іске асуы маңызды деп есептеймін», - деді ол.

Мұхтар Жұмағазиев аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында әлі де салғырттық, бюрократизм басым екенін жеткізді.

«Біріншіден «Ауыл ел – бесігі» жобасында барлық қажетті сала қамтылмаған. Жұмыстар нақтыланбаған. Арнайы жоба деп аталғанымен бір арнаға бағытталған, бір мақсатқа түйістірілген жоба жоқ. 2025 жылға дейінгі өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ішіне бір бөлік болып кіріп кеткен. Екіншіден жобаның әкімшісі ретіндегі Ұлттық экономика министрлігі бюджеттен бөлінген 30 млрд теңгеге ғана бақылау жүргізеді. Ал ауыл-аймақтарды дамытуға бағытталған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларында қамтылған шаралармен үйлесім жоқ», - деді ол.

Оның сөзінше ауылдың жолын жөндеп, мектебі мен ауруханасын реттеп, су мен газ беріп, әрлеп-сырлағанымен жұмыс орындары болмаса халықты, жастарды ауылда тұрақтандыру мүмкін емес.

«Ауыл тұрғындары қалаға көшуін тоқтатпаса ауылды жөндегеннен не пайда? Қазагро холдингінің ақпаратына сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында іске асырылатын 2451 жобаның басым көпшілігі 400 мың мен 2 млн теңге аралығындағы ұсақ-түйек жобалар. Ал тірек ауылдарды дамытуға мүмкіндік беретін, халықты жұмыспен қамтитын, жақын жатқан кішігірім ауылдардың дамуын арқалай алатын іргелі жобалардың саны небәрі 24», - деді ол.

Сенатор аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруда Үкіметтен осы мәселеге байланысты нақты шараларды қабылдауды сұрады.


Соңғы жаңалықтар