Халықтың дәстүрлі медицинасын әлемге насихаттап жүрген қазақ қызы - шетелдегі БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолу ұсынады.

Қазақтың дәстүрлі медицинасын әлемге насихаттап жүрген қазақ қызы – CNR

Қытайдың kazakcnr.com сайтында осы елде тұратын қандасымыз, Іле Қазақ автономиялық облысы қытай және қазақ дәстүрлі медицинасы емханасы сүйек аурулары бөлімінің меңгерушісі, аға-дәрігері Жаңагүл Әсенқызы туралы мақала жарық көрді.

Аталған БАҚ-тың жазуынша, ұлттық мәдениеттің ашылмаған қырларының бірі - қазақ халқының дәстүрлі медицинасы. Қазақ медицинасы - қазақ емшілігі немесе қазақ шипагерлігі деп аталып келеді. Халық шипагерлігі осы заманғы медицина қалыптасқанға дейін, ғасырлар бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне өзіндік ықпалын тигізді.

Қытай елінде қазақ шипагерлігі жүйеленіп, медицина ғылымының бір саласы болып қалыптасқан. Бұл елде қазіргі күні қазақтың дәстүрлі тәсілдерімен, өзіндік дәрілік шөптерімен емдейтін заманауи емдеу жүйесі бар. Ал, қазақи емдеу тәсілдерін жетілдіріп, қазіргі ғылыми айналымға енгізуде қандастарымыз зор үлес қосып отыр. Солардың бірі - Жаңагүл Әсенқызы. Ол 13 жасынан бастап қазақтың дәстүрлі оташылық өнерін атасынан үйренген. Осылайша, атадан балаға жалғасып келе жатқан оташылық өнерін дамытып, медицина саласы бойынша кәсіби білім алған Жаңагүл Әсенқызы Қытай елінде ғана емес, шет елдерге де танымал. Ол қазақ оташылық өнерімен қоса, қытайша және еуропаша емдеу тәсілдерін меңгерген. Американың Сан-Франциско қаласында өткізілген дүниежүзілік дәстүрлі емдеу ғылыми жиналысында «Уақыты өткен шығуды қазақи емдеу жөнінде» атты мақаласы алтын сауыт сыйлығын алып, өзі «Халықаралық ұлттық шипагерлік шолпаны» атағына ие болған.

Сондай-ақ, ол сынған сүйекті салудың дәстүрлі тәсілдеріне жаңалық енгізіп, клиникалық емдеуде «Жалғағыш талқан», «Манау қоймалжыңы» аталатын қазақ шипагерлік дәрілерін сәтті зерттеп жасаған. Оның ұзақ жылдық зерттеуі нәтижесінде табылған «CNZ5100800423» нөмірлі «Сынған сүйектің сыртына жағатын дәрісі» мемлекеттік патент алған. Жаңагүл Әсенқызы 2002 жылы Гонконг қаласында 16 мемлекет мамандарының басын қосқан дәстүрлі медицина тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, өзі зерттеп жасаған сынған сүйекке қолданатын дәрісін таныстырып, марапатталған.

Ол сонымен бірге, «Еңбек ері», «Ғасыр аттаған білікті дәрігер», «Мемлекеттің үздік қызметкері», «Мемлекеттің он үздік сүйікті дәрігері» секілді мәртебелі марапаттар мен сыйлықтарды да алған.

Айта кетейік, Қытайдағы қазақ ұлттық медицинасы түрлі науқастарға ем жасауға қауқарлы. Ол қантты несеп, тыныс жолы, жүрек-қан тамырлары, жүйке жүйесі, ас қорыту жүйесі, тері аурулары, әртүрлі сүйектің өсіп қалыңдауы, бел, мойын омыртқа сүйегі шеміршегінің өсуі, сүйек туберкулезі, сүйек кемігінің қабынуы сынды сан түрлі дертті емдеп, сауықтыра алады.

Баян-Өлгейлік спортшы гір тасын көтеруден Азия чемпионы атанды - KAZNEWS

Сәуірдің 25-29 күндері аралығында Ақмола облысы Бурабай ауданы Щучинск қаласында гір тасын көтеруден Азия чемпионаты өтті, деп жазады Моңғолияның Kaznews ақпарат порталы.

Бұл чемпионатта 85 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Баян-Өлгей аймағының спортшысы Мәдіғайым Нұхұлы бірінші орынға ие болып, Азия чемпионы атанды.

Моңғолиядан 4 спортшы қатысып, ерлер арасындағы сайыста 85 келіде Н. Мәдіғайым мен 78 келіде Г. Цолмонхүү алтын медаль, 68 келіде Э. Буджав қос күміс жүлдеге ие болды. Ал, қыздар арасындағы сайыста 57 келіде бақ сынаған Г. Туяацэцэг алтын медаль иеленді.

Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Үндістан, Солтүстік Корея және Моңғолия спортшылары қатысты.

Естеріңізге салсақ, Мәдіғайым Нұхұлы гір спортынан Әлем кубогынан 2 қола медаль, 2015, 2016 жылғы әлем чемпионатында 7-орын, 2017 жылы самбо күресінен ел чемпионатының және қазақ күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.

Самарқандық каллиграф үлкен Құран кітабын жазып бітірді - «ӨзА» ақпарат агенттігі

Самарқандық каллиграф Абдужалил Эргашев 60х80 өлшемді үлкен Құран кітабын жазып бітірді, деп жазады Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

«310 парақтан тұратын (610 бетті) арабша куфи жазулы Құран кітапты каллиграф үш жыл ішінде жазып аяқтаған. Үлкен форматтағы Құран кітабы Самарқанд қағазына жазылған. Атаулы қағаз ұзақ уақыт бойғы сапасы және ылғалға төзімділігімен белгілі екені мәлім», - деп жазады «ӨзА» агенттігі.

Түркі академиясының кітаптары Анкарада таныстырылды - TRT

Анкара қаласында Халықаралық Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің қолдауымен «Ұлы тұлғалар және Түркі әлемі» атты келелі басқосу өткізді, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

ЮНЕСКО аясында өткен шара ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, сонымен қатар заңғар жазушы М. Әуезовтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшісі Еркебұлан Сапиев, Түркия парламентінің депутаты Үлкер Гүзәл, Еуразия жазушылар одағының төрағасы Якуб Омероглу, Хаджеттепе Университетінің профессоры Осман Хората, сонымен қатар зиялы қауым өкілдері мен танымал ғалымдар, елшілік қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Тағылымды шара аясында қос бірдей тұғырлы тұлғаның мерейтойына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп жарыққа шығарған бірқатар еңбектердің таныстыру рәсімі өтті.

Атап айтқанда, Түркі академиясы дайындаған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ақаңның замандастары, кейінгі буын өкілдері мен қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Бұл еңбектің ағылшын және чех тілдеріндегі нұсқалары да Түркі академиясы мен Қазақстан Республикасының Чехиядағы елшілігінің бірлесуімен жарық көргенін айта кету керек.

Сонымен қатар, Түркі академиясы «Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі» материалдарын қайта басып шығарып отыр. Бірегей басылымға төте жазумен басылған толық факсимилесі де қоса берілді.

Түркі академиясы таныстырған келесі еңбек — Мұхтар Әуезовтің әйгілі қырғыз эпосы «Манас» туралы монографиясы әуезовтанушылар мен Манас эпосын зерттеушілерге көмекші құрал болары сөзсіз. Аталған еңбектің 1936 жылы машинкаға терілген дайын нұсқасының көшірмесі Қырғыз Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясы Ш. Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты Қолжазбалар қорында сақталған. Ғылыми қосымша ретінде осы үлгінің толық факсимилесі де жарияланды.

Басқосу аясында түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін Хаджеттепе Университетінің профессоры Осман Хората Түркі Академияcының Алтын медалімен марапталды.

Қазақстан Президенті Қытай Қорғаныс министрімен кездесті - Фарс

Қытай Қорғаныс министрі Нұр-Сұлтанға сапары кезінде Қазақстан Президентімен кездесті және БҰҰ бітімгершілік операциясындағы әскери қатысу географиясын кеңейту туралы талқылады, деп хабарлайды Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Fars News агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Қорғаныс министрі Вэй Фэнхэмен кездесті. Қазақстан Президенті өзінің 2019 жылғы қыркүйекте Бейжіңге мемлекеттік сапары мен биылғы ақпанда ҚХР-ға жұмыс сапары барысында қол жеткізілген маңызды уағдаластықтардың жүзеге асырылуына оң баға берді. Тоқаев Қазақстан мен Қытайды халықаралық аренада, БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдар аясында жақын серіктес ретінде сипаттады және екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейіне қанағаттанушылық білдірді.


Соңғы жаңалықтар