Халықтың бірлігінің арқасында бұл сынақтан да сүрінбей өтіп жатырмыз - Өмірзақ Шөкеев

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысында коронавирус індетін жұғу қарқынын ауыздықтап, таралуын тоқтату және науқастарды емдеуде қарқынды жұмыс атқарылып жатыр. Бүгін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев халық алдында берген жылдық есебінде әлемді шарлаған қауіпті індетпен күрес жұмыстарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңір басшысы пандемияға байланысты бүкіл әлем өте күрделі ахуалды бастан өткеруіне қарамастан, оңтүстікте індеттің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.

«Бірлесе көтерген жүк жеңіл» дегендей, халықтың береке-бірлігінің арқасында бұл сынақтардан да сүрінбей өтудеміз. Өңірде індеттің таралуын тоқтату және науқастарды емдеу ісінде едәуір жұмыстар атқарылды. Дәрігерлеріміз осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Әлемдік пандемия-коронавирус індеті экономиканың бірқатар негізгі салаларын тежегендігі белгілі. Үкіметпен дер кезінде қабылданған антикризистік шаралар, кәсіпкерлікке, отандық тауарөндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету арқасында экономиканың негізгі салалары бойынша өсім деңгейін сақтап қалу мүмкін болды»,-деді Өмірзақ Шөкеев.

Облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы бірнеше бағыттар бойынша жасақталған.

Пандемия басталғалы өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артып, қосымша төрт оттегі станциясы орнатылған.

Оттегі концентраторлары мен оттегі нүктелерінің саны артты. Облыстық бюджет есебінен компьютерлік томограф пен үш дана сандық рентген аппараттары орнатылған.

Өңірде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың екі айлық қоры құрылған.

Үкімет тарапынан 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы алынып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету көрсеткіші 100% құраған.

Жедел жәрдем қызметі 122 автокөлікпен қамтамасыз етіліп, бұл автокөліктер жедел-жәрдем қызметі паркін толық жаңартуға мүмкіндік берген.

Түркістан облысы COVID-19 көрсеткіші бойынша елімізде 17-ші орында, яғни «жасыл аймақта» орналасқан.

«Былтырдан бастап өңірде денсаулық сақтау саласында 78,5 млрд теңгенің 7 нысаны салынуда. Түркістан қаласында жаңа үлгідегі 200 орындық жаңа үлгідегі көпсалалы медициналық орталық пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Біріккен Араб Әмірліктерінің инвесторларымен Түркістан қаласында 100 төсек орынға арналған «Ана мен бала орталығының» құрылысын іске асыру бойынша келіссөздер жүргізіліп, оң нәтижесін тапты. Жоба келер жылы пайдалануға беріледі»,-деді облыс әкімі.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласына 13,7 млрд теңге бағытталған.

Бірінші кезекте ана мен бала, жансақтау, ота жасау және жедел жәрдем қызметін күшейтуге мақсат қойылған.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жабдықтау мақсатында 2,5 млрд теңгеге 205 дана медициналық техника сатып алынған.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 9 фельдшерлік амбулаторияның құрылыстары жүргізіліп, оның 5-і пайдалануға берілген.

Оның төртеуі биыл ашылады деп жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар