Халықтың билік институттарына сенімін нығайту үшін не істеу керек – сарапшы пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Құқық қорғау және басқа да мемлекеттік құрылымдардың халықпен байланыс орнату жеделдігін арттыру қажет. Бұл туралы «Адам құқықтары жөніндегі хартия» қоғамдық қорының басшысы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Жеміс Тұрмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер атап өткендей, бұл күндері тұрғындардың құқық қорғау органдары мен соттардың іс-әрекеттері туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды.

«Құқық қорғау және басқа да мемлекеттік құрылымдардың халықпен қарым-қатынас орнату жеделдігі мен сапасын арттыру қажет. Мысалы, орталық және өңірлік деңгейде апта сайын теледидар мен әлеуметтік желілерге «Сіз шағымдандыңыз – біз жауап береміз» деген сияқты 10 минуттық эфир енгізу керек. Қарапайым тілмен, қасаңдыққа жол бермей, колл-орталықтарға, БАҚ және әлеуметтік желілерде шағымдар мен тексеру нәтижелері туралы айтып беру керек», - деді Ж. Тұрмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, Ж. Тұрмағамбетова азаматтар үшін құқық қорғау мәселелері, атап айтқанда, құқықтық көмек пен консультациялар бойынша жедел желілерді барынша қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті:

- құжаттау, ақпаратты жинау және өңдеу (видео және аудио, журналистер мен куәгерлердің куәліктері);

- өмір сүру құқығын қамтамасыз ету;

- азаптаудан және қатыгездікпен қараудан бостандық құқығын қамтамасыз ету;

- бірінші жауап алғанша өз таңдауы бойынша білікті заң көмегіне және адвокатпен құпия кездесуге құқықты қамтамасыз ету;

- қоңырау шалу құқығын қамтамасыз ету (туыстарына ұсталған адамның тұрған жері туралы хабарлау);

- ақпаратқа қол жеткізу құқығын және журналистердің құқықтарын қамтамасыз ету.

«Жоғарыда айтылғандардың бәрін халықтың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін нығайту мақсатында жасау керек. Оқиғаның себебін объективті түрде анықтау, барлық мән-жайды тексеру, билік органдарының, құқық қорғау органдарының, наразылық акциясына қатысушылардың іс-әрекеттерін талдау, тергеу және сот процестері барысында іргелі құқықтарды сақтау болашақта осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі», - деді Жеміс Тұрмағамбетова.

Бұған дейін Жеміс Тұрмағамбетова әкімшілік құқықбұзушылыққа кінәлілерді қамауға алудың орнына баламалы жазалау шараларын қолдануды ұсынған еді.


Соңғы жаңалықтар