Халықтың әлеуметтік осал тобын мемлекеттік қолдауда жүйелілік жетіспейді - коммунистер

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына мемлекеттік қолдауда жүйелілік жетіспейді. Бұл туралы Көкшетауда «Халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның коммунистік халық партиясының (ҚКХП) Ақмола облыстық филиалы ұйымдастырған шараға қалалық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі, еңбекпен қамту орталығы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары мен партия белсенділері қатысты.

Жиында Қазақстанның коммунистік халық партиясы (ҚКХП) Ақмола облыстық филиалының төрағасы Олжас Тұрғынов әлеуметтің әлжуаз топтарына көрсетілетін мемлекеттік көмек әлі де көбейіп, ең бірінші баспана мәселесі шешілуі керектігін атап өтті.

«Баспана - ең бірінші мәселе. Бүгінгі таңда әлеуметтің әлжуаз топтарына пәтер алу өте қиын, тіпті мүмкін емес. Олар азық-түлікті әзер тауып отыр. Ал баспанаға қаржыны қайдан жинайды?! Жетім балалардың да жағдайы осындай. Сондықтан бірінші кезекте пәтер алу қолжетімді болуы тиіс», - деп атап өтті партияның облыстық филиалының төрағасы Олжас Тұрғынов.

Сонымен қатар, жиында Көкшетау қалалық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің маманы Ерболат Біләлов, Ақмола облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина, «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева сөз алып, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына мемлекеттік қолдаудағы түйткілді мәселелерді ортаға салды және оны шешу жолында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін түсіндіріп берді.


Соңғы жаңалықтар