Халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек - Мемлекет басшысы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын. Бұл ретте, халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керек.

Біз тарихи Отанына оралған қандастарды толық қолдаймыз. Бірақ, тек Маңғыстау өңірімен шектелуге болмайды. Басқа облыстарға, соның ішінде өндірісі дамыған аймақтарға қоныстануға болады. Біз қажетті жағдайды жасауға дайынбыз», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуына қарағанда, қазіргі заманда өңірлерде, елдерде, тіпті құрлықтарда жұмыс күшінің көші-қоны жүріп жатыр.

«Бұл заңды құбылысқа айналды. Осы үрдіске біздің азаматтар да үйренуі керек. Көрші елдердің азаматтары бұл жағдайға жақсы бейімделді. Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істегенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Бұған дейін Президент халық саны көбейген сайын тұрақты жұмыс орындары ашылуы керектігін, бірақ Маңғыстау облысында осы мәселе ескерілмей, жөнсіз жүргізілген көші-қон саясатының салдарынан күрделі ахуал қалыптасып отырғанын айтты.


Соңғы жаңалықтар