Халықты несиеге батырмау үшін қандай шаралар қолға алынуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері жеке тұлғалардың несие алу көсеткіші 27,5%-ға жетті. Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұтынушылық сұранысты қалпына келтіру аясында биыл 2-тоқсаннан бастап халыққа берілетін кредиттердің жылдам өсуі байқалады. 1 жартыжылдықта жеке тұлғаларға берілетін кредиттердің өсімі 13,6% құраса, 9 айда ол 27,5%-ға жетті. Ипотекалық кредиттер жеңілдікті ипотекалық бағдарламаларды іске асыру аясында жыл басынан бері 22,6%-ға өсті. Ипотекалық кредиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуіне қарамастан, жылжымайтын мүлік нарығында қоса жүретін баға өсімі халықтың баспанаға қолжетімділігін төмендетуі мүмкін», - деді М. Әбілқасымова Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінде.

Тұтынушылық және ипотекалық кредит берудің жоғары қарқыны қаржылық тұрақтылық үшін сын-қатерлерге және халықтың борыш жүктемесінің ұлғаюына әкеп соғуы мүмкін. Бұл тәуекелдерді тежеу үшін олардың халықтың кредит алу деңгейіне және қаржылық ұйымдардың жүйелік тұрақтылығына әсер етуіне байланысты макропруденциялық саясат құралдарын пайдалану жоспарланады.

«Жалпы, 2020-2021 жылдары халықтың борыш жүктемесінің өсу қарқынын ұстап тұру үшін қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шара іске асырылды. Біріншіден, барлық кредиттер бойынша төлемдер сомасы қарыз алушының ай сайынғы кірісінің 50%-нан аспауын көздейтін борыш жүктемесінің 50%-дық коэффициенті енгізілді. Табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға қарыз ұсынуға, сондай-ақ 90 күнге мерзімді кешіктіргеннен кейін тұрақсыздық айыбы мен комиссия есептеуге тыйым салу белгіленді. Борыш жүктемесін бұдан әрі бақылау мақсатында банктерге және микроқаржылық ұйымдарға (МҚҰ) барлық қарыз алушылар бойынша КНҚ туралы есеп ұсыну талабы енгізіледі», - деді М. Әбілқасымова.

Екіншіден, қиындықтар туындаған жағдайда, мерзімі кешіктірілген қарызды реттеу рәсімі күшейтілді. Биылғы мамыр айында мерзімі кешіктірілген қарызды бірыңғай сотқа дейінгі реттеуді көздейтін заң қабылданды. Тәртіп 1 қазаннан бастап күшіне енді. Енді банктер мен МҚҰ қарыз алушыны мерзімнің кешіктірілуі туралы хабардар етіп, оның төлемге қабілеттігін бағалап, қарызды қайта құрылымдау талаптарын ұсынуға міндетті. Агенттік мамыр айында енгізген жағымсыз кредиттік тарихы бар қарыз алушыларды оңалту тетігі 1,9 млн азаматтың жағдайын оңалтуға мүмкіндік берді.

«Үшіншіден, аталған заң шеңберінде коллекторлардың заңсыз іс-әрекеттерін шектеу мақсатында ең төменгі капиталды белгілеу және қарыз алушылармен өзара іс-қимылды міндетті түрде тіркеу арқылы коллекторларға қойылатын талаптар қатаңдатылды. Мамырдан бастап заңсыз әрекет еткен 33 коллектордың қызметі тоқтатылды. Қазіргі уақытта коллекторларды реттеуді қатаңдату бойынша қосымша ұсыныстар әзірленді. Бұл шаралар ең төменгі капиталды, қызметкерлердің біліктілігі мен іскерлік беделіне қойылатын талаптарды біртіндеп арттыруды көздейді. Сондай-ақ, Бас прокуратура коллектордың заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынды», - деді М. Әбілқасымова.


Соңғы жаңалықтар