Халықты интернет-алаяқтықтан қалай қорғауға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова интернет немесе телефон қоңырауы арқылы жасалған алаяқтыққа тосқауыл қою мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасының таныстырылымынан , өкінішке қарай, тұтынушылардың құқығы бұзылатын екі маңызды мәселені көре алмадым. Бұл - интернеттегі сауда және интернет арқылы жасалатын алаяқтық. Бұл сондай-ақ жыпырлап шыға беретін жарнама, ұялы байланыс операторларының дербес деректеріне қол жеткізу, жұмыс уақытында түсініксіз дистрибьюторлардың әртүрлі ұтыс ұтып алғаныңызды айтып, бас қатыратын шексіз қоңыраулар мәселесі қамтылмапты», - деді Мәжіліс депутаты Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевқа қарата.

Оның айтуынша, алаяқтықтың бұл түрінен зардап шегіп жатқан адамдар тым көп.

«Ең бастысы, әр сөзге сеніп қалатын зейнеткерлеріміз жиі зардап шегіп жатыр. Адамдар миллиондар айналымына ақша аударады. Сіз сондай-ақ өз баяндамаңызда барлық сатыда соттық реттеу қолжетімді болатынын айтып қалдыңыз. Алайда мұндай жағдайда шетелдегілерге алданып қалып жатқандар да бар. Заң жобасы бұл мәселені қалай реттейді?» - деп сұрады Г. Бижанова.

Бұл сұраққа жауап берген Қайрат Төребаев тұтынушылар құқығын қорғау жүйесі халықтың барлық санатын қамтитынына сендірді.

«Интернеттегі сауда - өте күрделі құбылыс. Біз халықаралық тәжірибені арнайы зерттеп көрдік. Бірақ өкінішке қарай басқа елдерде де, Қазақстанда да ортақ амал-әдіс қалыптасқан жоқ. Әйтсе де айтқанымдай бізде ақпараттық жүйе болады. Барлық шағымды соған тіркейміз. Егер жүйелік проблемалар болса, біз мұндай сайттарды бұғаттау немесе олардың құқығын бұзатын сатушылармен байланыс орнату мәселесін көтереміз», - деді вице-министр.

Қайрат Төребаев Қазақстан өз кезегінде өзге елдердің заңнамасына ықпал ете алмайтынын жеткізді.

«Яғни, егер сатушы Ресейде, ал сатып алушы Қазақстанда болса, онда мәселені халықаралық ынтымақтастық арқылы шешу керек. Біз өз бизнесінің субъектілері үшін жауап беретін шет мемлекеттің билік органдарымен келіссөз жүргізетін боламыз. Бұл - өте күрделі мәселе», - деп түйді вице-министр.



Соңғы жаңалықтар