Халықтан заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл 20 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы өткізілуде. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі өткізген тікелей эфирдегі брифингіде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл акцияның мақсаты - атыс қаруымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Акция басталғаннан бері ішкі істер органдарына азаматтар ерікті түрде 619 бірлік атыс қаруын, оның ішінде 71 бірлік – ойық ұзын ұңғылы; 537 бірлік – тегіс ұңғылы; 11 бірлік – травматикалық; 1 снаряд; 14 283 қарудың патрондарын тапсырды.

Барлық тапсырылған қару есепке алу бойынша тексерілді және криминалистикалық сараптамадан өтуде», - дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, тапсырылған қару-жарақ үшін берілетін төлемнің алдын ала сомасы 58 млн.747 мың теңгені құрайды.

Еске сала кетсек, заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу акциясы 20 сәуірде басталды. Оны өткізуге республикалық бюджеттен 95 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.

Ережеге сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады.


Соңғы жаңалықтар