Халықтан атыс қаруын сатып алу науқаны аяқталды

None
Ашық көздерден алынған фото
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша жыл сайынғы акциясы аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтып берді.

«Ішкі істер министрлігінің халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша өткізілетін жыл сайынғы акциясы аяқталды. Шара қорытындысы бойынша ішкі істер органдарына 1 087 азамат жүгініп, 1 400 дана атыс қаруы мен 10 мыңға жуық патронды өз еркімен тапсырған», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі апталық онлайн брифингіде.

Өз еркімен тапсырылған қарудың жай-күйіне қарай әр данасы үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (31 800 теңге - ред.) 100-АЕК-ке дейін (318 000 теңге -ред.) төлем беру көзделеді.

Айта кетейік, бұл акция 2008 жылдан бері жүргізіліп келеді, осы уақыт аралығында азаматтар 54 мыңнан астам атыс қаруын, 2 млн астам патронды өз еркімен тапсырды.

Кейінгі 5 жылда атыс қаруымен жасалған қылмыстардың саны 43%-ға төмендеген.



Ашық көздерден алынған фото





Соңғы жаңалықтар