Халықпен біргеміз: Мәжіліс депутаттары ақтаулықтармен кездесті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Ақтау қаласының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мәжіліс депутаттары Самат Мұсабаев пен Еділ Жаңбыршин Ақтау тұрғындарымен кездесіп, сұйытылған газдың бағасына байланысты туындаған жағдайды талқылады.

«Бұл жерге сіздер үшін келіп тұрмыз. Сендердің жанайқайларыңды, мәселелеріңді, бәрін Үкіметке, Парламентке, әкімге, министрге жеткізуге міндеттіміз», - деді Самат Мұсабаев халықтың ортасына шығып.


Оның айтуынша, сұйытылған мұнай газының бағасын Үкіметтік комиссия нақтылауы керек.

«Комиссия жұмысы әрі қарай жалғасады. Ашық отырыс болады, жабық отырыс болады. Соның бәріне қатысамыз, біз сіздермен әрдайым біргеміз. Бағаны түсіруге, әлі де түсе ме, 85 күйінде қала ма, сол тұрғыда жұмыс істейміз», - деді депутат.


Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі сұйытылған газ бағасынан басталған парақшасында Жаңаөзендегі жағдайға қатысты жазба жариялаған болатын.

«Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек» делінген жазбада.

Ал ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты Маңғыстау облысындағы жанармай стансаларының иелері сұйытылған мұнай газының құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жазды.

ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкімет баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететінін айтып, халықты сабырға шақырды.


Соңғы жаңалықтар