Халықпен ашық әрі әділ диалог жүргізу керек - Нұрсұлтан Назарбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы арқылы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді бәрін бақылауды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Партия халықтың күнделікті мәселелерін шешуге белсене атсалысуы қажет. Аталған жұмыс "Халыққа көмек" жобасын да күшейтеді деген сенім бар. Бүгінде қоғамның өзекті мәселелерін дер кезінде анықтап, мемлекеттік органдарды соған қарай жұмылдыру қажет. Бұл - нағыз нәтижелі стратегия. Ол үшін халықпен кері байланыстың мықты жүйесін жасап шыққан жөн", - деді Н.Назарбаев "Нұр Отан" партиясының XVIII съезінде.

Президенттің айтуынша, бүгінде "Нұр Отан" партиясының қабылдау бөлімшелерін барынша күшейту керек. Аталған құрылымдар халыққа көмек берудің "бірыңғай терезесіне" айналуы шарт. "Бұл жерде бюрократияға жол жоқ. "Нұр Отан" партиясының барлық филиалдары соған күш салуы қажет. Партия халықтың барлық санаттарын қорғай білуі керек. Сөйтіп, мемлекет пен халық арасындағы көпір іспеттес болуы шарт", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бақылап отыру мәселесіне де баса назар аударды. Себебі аталған бастамалардың барлығы сәтті іске асса, халықтың әл-ауқаты көтеріледі.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 процентке өседі.

Соңғы жаңалықтар