Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлері 53-тен 69-ға дейін көбейеді - Әділет министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлері 53-тен 69-ға дейін көбейеді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында Әділет министрлігі басқа да органдармен бірлесіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұсынылатын қызмет түрлерін көбейтуді қарастырып келеді. Осы ретте Әділет министрлігі ХҚО арқылы мемлекеттік қызмет көрсету тізбегін 53 түрден 69 түрге дейін көбейту туралы қаулы жобасын әзірлеп, мүдделі мемлекеттік органдарға жолдады. Яғни, мемлекет тарапынан ұсынылатын қызмет түрлері жаңа тізімдермен толығады. Бұның 6-уы жергілікті атқарушы органдардың, 4-еуі ауыл шаруашылығының қызметіне жатса, білім беру саласы мен көлік және коммуникацияның аумақтық органының қызметі 1-еуден болып табылады», деді Р. Түсіпбеков.

Сонымен бірге, министр электронды ақпараттық қызмет көрсету жайына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні Алматы мен Астана қалаларының, облыс орталықтарының ХҚО-нда электронды түрде жылжымалы мүліктің жоқтығына қатысты анықтамалар беріліп келеді.  Бұдан басқа, «бір терезе» қағидаты бойынша ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерін кеңейту мақсатында, құжаттарды қабылдау мен рәсімделген құжаттарды беруге қатысты «Қазпошта» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. «Осы меморандумға сәйкес, пошталық желі бойынша ауылдық жерлерде де қызметтер көрсетіле бастады. Бұл шараның аясында өткен жылы ХҚО 100-ге тарта «терезелері» «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінде ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Ағымдағы жыл соңына дейін пошталық бөлімшелер аясында осындай 110-ға тарта «терезелер» ашу көзделеді», деді Әділет министрі.

Соңғы жаңалықтар