Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек неге көп

None
None
Нұр-Сұлтан. ҚазАқпарат – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация басқармасының төрайымы Әсемгүл Балташева жаз айларында халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек неге көбейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әсемгүл Балташева өзінің Facebook парақшасында «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызметінде қатысты біраз дүние қордаланғанын растайды.

«Біздің корпорациямыз арқылы азаматтар үшін 600-ден астам қызмет түрі көрсетіледі. Фронт-офистердегі қызмет көрсету сапасына қатысты халықтың арыз-шағымдарын біз үнемі ескеруге тырысамыз, мұны сіздер әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттардағы кері байланыс арқылы байқаған да боларсыз. Дегенмен соңғы кезде халықты мазалап жүрген бірнеше жайтқа тоқталып өтсем», - дейді ол.

Корпорация басшысының айтуынша, жазда халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратын тұрғындар саны екі есе өседі. Бұл ең алдымен демалушылардың сапарға шығуға қажет құжаттарын жасатуымен байланысты. Ал еңбек демалысына шыққан азаматтар бос уақытында баспана құжаттарын жасатып, тұрақты тіркеуге тұрып, көліктерін сатып, жаңасын алып жатады.

«Мамандандырылған ХҚО қызметіне қатысты ҚР ІІМ-нің енгізген жаңашылдықтары 1 шілдеден бастап көлік иелерін әбігерге түсіріп, қызметтердің дер кезінде көрсетілуіне кедергі келтірді. Мемлекеттік органның ақпараттық жүйесіндегі ақау кезектің туындауына алып келді. Өз тарапымыздан бұл мәселені шешу үшін бірқатар шара қабылдап, «соңғы клиентке» дейін жұмыс істеп, құжатты қабылдаушы мамандардың санын арттырып, автоХҚО-дан қала бағытына жүріп- тұратын тегін автобустар ұйымдастырдық. Бүгінде ондағы қызмет қалыпқа түсіп, жұмыс барысы реттелді», - дейді Әсемгүл Балташева.

Ол сондай-ақ, аталмыш орталықтарға атаулы әлеуметтік көмекке үміткер аналардың көптеп келетінін де айтады.

«Әрине, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы – мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері. Десе де еліміздегі барлық мемлекеттік қызметтердің 71 пайызы электрондық форматта қолжетімді екенін де айтқым келеді. Яғни, керекті анықтамалар мен құжаттарды egov.kz сияқты электронды портал, mgov.kz қосымшасы және телеграмдағы EgovKzBot арқылы онлайн алуға болады. Демек ХҚО-сыз да құжаттарды алудың балама жолы бар. Бұл жерде цифрлық жаңашылдықтарды қолдану реті қиын, бәрінің үйінде ноутбук пен компьютер жоқ қой дегенді айтатындар да табылатыны сөзсіз. Бірақ мұнда көп нәрсенің адамдың өз ниетіне байланысты екенін де ұмытпау керек. Егер адам шын ниетімен ізденсе, кез келген керекті ақпаратты интернеттен тауып, тамыр-танысынан сұрап, тіпті болмағанда бізге хабарласып біле алады», - дейді ол.

Цифрлық болашаққа аяқ басқан адамдардың ХҚО-ға бармай-ақ, барлығын онлайн негізде, санаулы минуттардың ішінде ала бастағанын айтқан корпорация басшысы мұндай азаматтарымыздың саны еселене түседі деген үмітін де білдірген.

Соңғы жаңалықтар