Халыққа қызмет көрсету орталықтарын әкімдіктерге беру қызмет сапасын арттыра түседі - Әділет министрі

None
None
АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/  - Халыққа қызмет көрсету орталықтарын әкімдіктерге беру қызмет сапасын арттыра түседі.  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесуі барысында ҚР Әділет министрі Рашид Түсіпбеков осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдарға беру туралы шешім қабылдаған болатын. Әділет министрінің айтуына қарағанда, бұндай шешімнен біршама нәтижеге қол жеткізу күтіледі. «Мәселен, Орталықтағы қызметтің ауқымды түрі жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асатын болады. Сондықтан да мемлекеттік қызметті ұсыну сапасы жақсара түседі деп ойлаймыз. Сонымен бірге, коммуналдық  тұрғын үй мүлігінің иесі болып табылатын әкімдіктер ХҚО-ларды ыңғайлы орналастыру мәселесін өздері-ақ жедел шешетін болады, бұның өзі орналастыруға қатысты туындаған проблемаларды шешіп береді. Өйткені, қазіргі күннің өзінде бірқатар өңірлерде Әділет министрлігіне қарайтын ХҚО-ның жеке ғимараттары жоқ болып отыр. Сонымен бірге, жергілікті әкімдіктер халықтың орналасу тығыздығын, елді мекендердің жақын-алшақтығын ескеріп, қызмет көрсететін нысандарды жұртшылықтың мүддесінен шығатындай аумаққа орналастыра алады. Бұдан басқа, Орталықтарды жергілікті әкімдіктерге беру азаматтардың өтініштеріне жедел жауап қатуға жағдай туғызады әрі нысандарда күнделікті туындаған мәселелер оңай шешімін табатын болады. Дегенмен де, Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жергілікті атқарушы органдарға беру Әділет министрлігінің орталықтар қызметі жөніндегі жауапкершілігін жоймайды», деді министр Р. Түсіпбеков.

Оның айтуынша, Әділет министрлігі алдағы уақытта ХҚО-да көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандартын бекітіп, қызметкерлер үшін семинарлар өткізуді жоспарлап отыр.

«Әлемдік тәжірибе бойынша да Халыққа қызмет көрсету орталықтары ең алдымен биліктің орталық органдарында қалыптасатыны белгілі. Біз де осы жолмен жүрдік. Сондықтан да, Әділет министрлігі Орталықтардың дұрыс жұмыс істеп кетуі үшін жағдай қалыптастырды. Бүгінгі күні осы мәселе туралы барлық әкімдіктермен дерлік келіссөздер жүргізілді.  Ешқандай әкімдік тарапынан қарсылық болған жоқ. Расында, Әділет министрлігі Орталықтардан құтылу үшін бұны әкімдіктердің мойнына жүктеп отырған жоқ. Керісінше, министрлікке тек қана орталықтарды алғашқы сатыда қалыптастыру мен ұйымдастыру   міндеті жүктелген болатын», деді министр. Оның айтуынша, алдағы уақытта ХҚО-да көрсетілетін қызметтің түрі 69-ға жетсе, бұның жартысынан астамы жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне жатады. 

Соңғы жаңалықтар