Халықаралық валюта қоры еліміздегі миссиясын бастады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин және Халықаралық валюта қорының бюджеттік мәселелер жөніндегі департаментінің аға экономисі, миссия басшысы Саже Де Клерк кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, шараға орталық мемлекеттік органдардың, Ұлттық банк, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, Жоғары аудиторлық палата, Экономикалық зерттеулер институтының және ХВҚ өкілдері қатысқан.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, ХВҚ миссиясының жұмысын бастады.

Техникалық көмек шеңберінде шетелдік сарапшылар бюджет-салық саласының ашықтық деңгейін бағалайды.

Атап айтқанда, бюджеттік есептілікті, салық-бюджеттік болжамдарды және бюджетті қалыптастыру, бюджеттік тәуекелдерді талдау мен басқаруды, сондай-ақ табиғи ресурстардан түсетін түсімдерді басқаруды зерделеу жоспарланған.

Ұлттық экономика вице-министрі А.Әмрин атап өткендей, ХВҚ-ның бағалау қорытындылары бойынша ұсынымдары бюджет-салық саясатын одан әрі жетілдіру шеңберінде, оның ішінде жаңа Бюджет және Салық кодекстерін әзірлеу кезінде пайдаланылатын болады.

Халықаралық валюта қорының миссиясы 6 ақпанға дейін жалғасады.

ХВҚ сарапшылары ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізеді.


Фото: t.me/presseconomy

Соңғы жаңалықтар