Халықаралық валюта қоры 2023 жылы әлемдік экономика болжамын нашарлатпайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 ауыр жыл болады, бірақ адамдарда жұмыс барда экономика құлдырамайды. Болжамдар арықарай төмендемейді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) директоры Кристалина Георгиева осылай деп пайымдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Әлемдік экономикадағы қиын кезең жалғасып жатқанына қарамастан, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2023 жылы жаһандық экономика өсімі (қазір 2,7%) туралы болжамдарды кезекті мәрте төмендетпек емес.

Кристалина Георгиеваның айтуынша, 2023 жыл әлемдік экономика үшін кезекті қиын жыл болады және инфляцияны жеңу мүмкін болмайды, алайда егер күтпеген оқиғалар болмаса, болжамды нашарлатудың қажеті туындамайды.

ХВҚ басшысы қазіргі әлем дағдарыстарға көбірек бейім екенін және әлемдік қауымдастық ең күтпеген тәуекелдерге, атап айтқанда климаттық апаттар мен күшті кибершабуылдарға дайын болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, мұнай бағасы туралы алаңдаушылық ақталмағанын және еңбек нарығы тұрақтылықты көрсететініне тоқталды.

«Еңбек нарығының тұрақтылығы – жағымды жаңалық. Адамдардың жұмысы барда, олар бағаның қымбаттығына қарамастан ақша жұмсай береді... Бұл экономикаға көмектесті», - деп келтіреді Reuters агенттігі Георгиеваның сөзін.

Бұған дейін, 11 қазанда ХВҚ 2023 жылы жаһандық экономиканың өсу болжамын 2,9-дан 2,7%-ға дейін төмендетті.

«Қысқаша айтқанда, қиындық әлі алда, ал адамдар 2023 жылды рецессия ретінде қабылдайды», - деп атап өткен еді сол кезде ХВҚ Зерттеу департаментінің директоры Пьер-Оливье Гуринш.


Соңғы жаңалықтар