Халықаралық Түркі академиясының байқаушылары референдум учаскелерін аралап жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық Түркі академиясы Қазақстандағы референдумды жоғары қызығушылықпен бақылап отыр. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының вице-президенті Физули Маджидли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз бүгін сағат 7-ден бастап сайлау учаскелерінде болдық. Сағат 11-ге дейін 9 референдум учаскесін аралап көрдік. Бұдан кейін де жұмысымызды жалғастырамыз. Қазіргі таңда халықтың референдумға деген қызығушылығы жоғары деп ойлаймыз. Біз бұған куә болып, байқап отырмыз. Одан бөлек, сайлау учаскелерінде Exit Poll топтарын, басқа ұйымдардың бақылау мүшелерін де көрдік. Біздің ойымызша, Орталық сайлау комиссиясы және Қазақстан Республикасының басқа да уәкілетті мемлекеттік ұйымдары барлық нормалардың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуде», - деді Ф. Маджидли Нұр-Сұлтанда өткен баспасөз мәслихатында.

Спикер Халықаралық Түркі академиясының түркі әлеміндегі гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықты үйлестіретінін атап өтті.

«Осы себепті мен түркі әлемінің академиялық қауымдастығы Қазақстандағы референдумды жоғары қызығушылықпен бақылап отыратынын айта аламын. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезінде Түркі елдерінің бірлігі мен ынтымақтастығы өте мықты болуы керек деп санаймыз. Біз бақылау миссиямызды күні бойы жалғастырамыз және Қазақстанда тұрақты жағдайды көреміз деп үміттенеміз», - деді Ф.Маджидли.

Сонымен бірге Ф. Маджидли сайлау учаскелеріндегі ән-күй ойнап, бауырсақ пен тәттілер таратылып жатқан қонақжайлық пен мерекелік атмосфераны атап өтті.

Ал академияның аға сарапшысы Тимур Козыревтің айтуынша, таңғы сағат 9-да халықтың 3,5% дауыс берсе, сағат 10-да бұл көрсеткіш шамамен 20% жеткен. Бұл дауыс берудің жоғары динамикасын айғақтайды.

Айта кетейік, бүгін елімізде республикалық референдум өтіп жатыр. Референдум барысында ел тұрғындары Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты өз дауыстарын береді.

Референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімінде 11 млн 722 мың 536 адам бар. Сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі 52 шет мемлекеттегі Елшіліктеріміздің жанынан 65 учаскелік референдум комиссиясын құрды. Оларда шетелде жүрген Қазақстанның шамамен 11 350 азаматы дауыс бере алады.

Осыдан тура бір ай бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған еді.


Соңғы жаңалықтар