Халықаралық Түркі академиясы Абай Құнанбайұлы мен Шоқан Уәлихановқа арналған ауқымды шаралар өткізбек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы мен Мұстафа Шоқайға арналған ауқымды шаралар өткізіледі. Бұл туралы бүгін «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференцияда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мәлім етті.

«Келесі жылы Шоқан Уәлихановтың 180 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 170 жылдығы, сондай-ақ Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығы келе жатыр. Халықаралық Түркі академиясы осы тұрғырлы тұлғаларға арналған шаралар мен жиындарды ұйымдастырады»,- деді Түркі академиясының президенті.

Сонымен қатар Д. Қыдырәлі бауырлас Әзербайжан халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының мақтанышы болған Алибек Хусейнзаденің туғанына биыл 150 жыл, Мамед Эмин Расулзаденің туғанына 130 жыл толғандығын еске салып өтті.

«Исмаил Гаспыралы, Алибек Хусейнзаде, Мамед Эмин Расулзаде, қазақ халқынның біртуар ұлдары Тұрар Рұсқұлов және Сұлтанбек Қожанов сынды саналы ғұмырларын түркі әлеміне арнаған тұғырлы тұлғалар бүгінгі жиында басымызды қосуға арқау болып отыр. Өздеріңізге мәлім, биыл ЮНЕСКО Исмаил Гаспралының дүниеден озғанына 100 толуына байланысты осы жылды бұл тұлғаға арнап, жариялаған болатын. Біз де түркі әлемінің мұраларын түгендеу үшін құрылған Халықаралық Түркі академиясы осы мақсатта Исмаил Гаспралы секілді әйгілі ағартушыны еске алу шараларын өткізудеміз»,-деді ол.

Сөз соңында Д. Қыдырәлі Түркі академиясы биыл халықаралық мәртебе алғанын, бұл құжатты Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Қазақстан елдері бекіткенін еске салып өтті.

Сондықтан алқалы жиынға Қазақстанмен қатар, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей, АҚШ, Моңғолия, Жапония және басқа де елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялылары қатысып, түркі әлеміне ортақ тұлғалар туралы баяндамалар жасады.

Конференцияның мақсаты - исі түркіге ортақ, ағарту саласында өшпес із қалдырған, азаттық үшін күрескен, түркі халықтарының бірлігін бекемдеу жолына өмірлерін арнаған тау тұлғалардың есімдерін бауырлас халықтар мен жас буынға насихаттау.

Соңғы жаңалықтар