Халықаралық театр күні алғаш рет «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы тапсырылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығын тапсыру салтанаты өтті. Бұл сыйлық республикамызда жуырда тағайындалған әрі алғаш рет тапсырылды. 

Салтанатты жиын Қазақстанның театр қауымдастығының өкілдерінің қатысуымен өтті. Осы жылы Қазақстанда Халықаралық театр күні театр өнері саласындағы елеулі оқиға - «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығын тапсыру салтанатымен ерекшеленді.

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен 2017 жылы Қазақстан Театрлары ассоциациясының бастамасымен тағайындалып отыр. Ұлттық сыйлық театр дәстүрін сақтау мен нығайтуға бағытталған.

Қазақстан Театрлары ассоциациясының (ҚТА) негізі 2016 жылы қаланған. Оның президенті болып М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан мен КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтар лауреаты, Ресей Федерациясының «М. Ломоносов» орденінің кавалері, «Отан», «Достық» ордендерінің кавалері Асанәлі Әшімов тағайындалған болатын.

Қазақстандық «Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығы азаматтарға театр өнері саласындағы шығармашылық жетістіктер үшін беріледі. Театр қауымдастығының пікірі бойынша, сыйлық қазақстандық патриотизм мен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті нығайтуға бағытталып, еңбекке, кәсіби жетістікке, Отанға қызмет етуге, жоғарғы патриоттық идеяларға оң көзқарас қалыптастыратын туындылардың дүниеге келуіне ықпал ету тиіс.

Сондай-ақ, «Сахнагер» сыйлығы еліміздің мәдени кеңістігін біріктіріп қана қоймай, шығармашылық тәжірибемен тұрақты алмасу үшін жағдай жасамақ. Ұлттық сыйлық аясында жас дарынды әртістерді қолдауға ерекше назар аударылатын болады.

«Сахнагер» сыйлығы келесі 15 номинация бойынша үздіктерді анықтайды. Олар: «Жылдың үздік режиссері», «Жылдың үздік қоюшы-суретшісі», «Жылдың костбм бойынша үздік суретшісі», «Жылдың жарық бойынша үздік суретшісі», «Үздік әйел рөлі», «Үздік ер рөлі», «Жылдың үздік спектаклі», «Жылдың үздік балаларға арналған спектаклі», «Жылдың үздік драматургы», «Жылдың үздік гримері», «Жылдың үздік театр сыншысы», «Спектакльдің үздік муызкалық рәсімделуі», «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жыл ашуы», «Үздік опера/балет партиясы» номинациялары.

«Сахнагер-2017» ұлттық театр сыйлығының иегерлеріне арнайы дизайнмен жасалған кубокпен қоса, 1 млн. теңге ақшалай сыйлық табысталды.

Театр өнерін дамытуға қосқан орасан зор еңбегі үшін өткен жылы 100 жылдық мерейтойын атап өткен Айша Абдулина мен Асанәлі Әшімов аталып өтілді.

«Сахналық ғұмыр» номинациясы Дулат Исабеков, Юрий Померанцев, Меруерт Өтекешова, Құралай Ешмұратова, Гүлжан Әспетова, Бақытбек Алпысбаев, Кендебай Темірбаев, Талғат Теменов сынды театр майталмандарына берілді.

Сарапшылардың бағалауымен «Үздік режиссер» - Нұрқанат Жақыпбай, «Үздік драматург» - Мадина Омарова, «Үздік актер» - Дулыға Ақмолда, «Үздік актриса» - Кристина Золочевская, «Үздік опера солисі» - Дина Хамзина, «Үздік балет артисі» - Татьяна Тен, «Үздік балет артисі» -Бақтияр Адамжан, «Үздік сахна суретшісі» - Қанат Мақсұтов, «Үздік балетмейстер» - Лариса Ким, «Үздік театртанушы» - Бақыт Нұрпейіс, «Үздік екінші план актері» - Жомарт Зейнәбіл, «Үздік екінші план актрисасы» - Ирка Абдульманова, «Үздік менеджер» - Руслан Тохтахунов, «Үздік дыбыс режиссері» - Ләззат Қыстықбаева, «Үздік костюм суретшісі» - Любовь Возженникова атанды.
Сонымен қатар, арнайы тағайындалған «Үміт» сыйлығы 17 өнер иелеріне табысталды.

Айта кетейік, сыйлықтың іріктеу турына еліміздің барлық өңірінен 52 театр ұжымы қатысқан болатын.

Соңғы жаңалықтар