Халықаралық синдикат Қазақстан арқылы Нидерландқа есірткі жеткізіп отырған
2022 жылғы 7 шілде 12:38

Халықаралық синдикат Қазақстан арқылы Нидерландқа есірткі жеткізіп отырған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық қауіпсіздік комитеті ірі халықаралық есірткі синдикатының заңсыз әрекетінің жолын кесуге бағытталған көпсатылы халықаралық операцияны іске асырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл қылмыстық топ Таяу Шығыс пен Азия азаматтарынан құралған.

Есірткі контрабандасы арнасының маршруты Ауғанстаннан бастау алып, одан әрі Қазақстан аумағы арқылы жүрген, ақырғы баратын жері Нидерланд болған.

Осы топ әрекетінің ауқымды географиясын ескере отырып, ҰҚК Нидерланд Корольдігінің құқық қорғау органдарымен бірге өзара іс-қимыл ұйымдастырды.

Операцияның табысты іске асырылуына Орталық Азия өңірлік есірткіге қарсы күрес жөніндегі ақпараттық үйлестіру орталығы мен Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының қарқынды түрде жәрдем көрсетуі ықпал етті.

Бірлескен жедел іс-шаралар нәтижесінде халықаралық есірткі синдикатының басты қатысушылары анықталды.

Нидерланд аумағында есірткі жеткізу барысында курьер ұсталып, одан Ауғанстанда өндірілген 30 килограмм героин тәркіленді.

Бұдан әрі, Амстердам қаласы құқық қорғау органдары тінту барысында ірі есірткі плантациясын тапты.

Сарапшылардың дерегінше, жеткізілетін елде алынған есірткі құралдарының құны - 2 млн АҚШ доллары.

Анықталған фактілер бойынша Нидерланд құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.


Фото: cdn.iz.ru
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT