Халықаралық шахмат турнирінде қазақстандық оқушылар командасы күміс жүлде алды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының №1 мектеп-лицейінің шахмат командасы ТМД елдері арасындағы VII Халықаралық мектеп спорты фестивалінде екінші орын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Классикалық шахматтан жеке сайыста Қазақстан жартылай финалда Қазан командасын айқын басымдықпен жеңіп, финалда армениялық оқушыларға есе жіберіп алды.

Ал оған дейін өткен дара бәсекеде қазақстандық Борис Черкасов қола жүлдегер атанған.

«Қазақстанда оқушылар арасында шахмат дамып келеді. «Ақбозат» ұлттық лигасын үзбей өткізіп келеміз. Соның жеңімпаздарын Қазақстан Шахмат федерациясы беделді халықаралық додаларға жібереді. Біздің оқушылар Азия және әлем чемпионаттарында бірнеше дүркін жүлдегер болған. Сол «Ақбозат» лигасының жеңімпаздары бүгін Қазанда күміс жүлдегер атануы тегін емес», - дейді ҚР БҒМ Республикалық денешынықтыру ғылыми-тәжірибелік орталығының бас директоры Садық Мұстафаев.

Жалпы, турнирге Армения, Түрікменстан, Татарстан, Қазақстан, Ресей, Украина, Әзербайжан, Қырғызстан және Молдовадан 26 оқушы – 10 құрама қатысты.

Қазақстан командасы Борис Черкасов, Мәди Әшімбаев, Бекназар Кашев және Диана Тыныштық сынды дарынды оқушылардан құралды.

«Айтпақшы, бұлар кәсіпқой шахматшылар емес, шахматқа әуестеніп жүрген қарапайым оқушылар. Мысалы, Арменияда шахмат мектепте толыққанды сабақ ретінде оқытылады. Ал біз Қазақстанда осы бағдарламаны 2017 жылы ғана енгіздік. Ол қазірдің өзінде тамаша нәтиже бере бастады», - дейді Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко.

Соңғы жаңалықтар