Халықаралық сарапшылар Түркістанның инвестициялық әлеуетін талқылайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 қыркүйекте Түркістан қаласында «Ежелгі Түркістан - жаңа мүмкіндіктер» атты алғашқы халықаралық инвестициялық-туристік форум өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімдігіне сілтеме жасап. 

2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Түркістан қаласын облыстық орталыққа айналдыру туралы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл өзгерістер тұтас өңірдің қарқынды дамуына серпін берді. 

«Бұл форумды отандық бизнестегі бірегей оқиға деп атуға болады. Оның негізгі тақырыптары логистика, туризм, АӨК дамытуға арналады. Дәл осы форумда Түркістан облысының қалай дамитыны және өңір алдында қандай экономикалық мәселелер тұрғаны талқыланады. Инвестициялық блок бойынша форумға 250-ден астам шетелдік қонақ келеді, олардың арасында жеке инвесторлар, халықаралық трансұлттық компаниялардың өкілдері, инвестициялық қорлардың, қаржы институттары мен банктердің басшылары бар», - деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков. 

Әкімдіктің хабарлауынша, туризм - Түркістан облысына инвестиция тартудың негізгі және маңызды бағыттарының бірі. Бұл перспективалық салаға инвестицияның айтарлықтай көлемін бағыттау көзделіп отыр. 2017 жылы Түркістан қаласына 1,2 млн адам келген, бұл көрсеткіш өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 57,2%-ке көбірек.

Ал 2018 жылдың алғашқы алты айында қалаға қыдырып келушілер саны 700 мың адамнан асқан, бұл да 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығымен салыстырғанда 60%-ке ұлғайған.

 

Соңғы жаңалықтар