Халықаралық сарапшылар Қазақстанның ядролық қарусыз әлем идеясын талқылады

None
None
НЬЮ-ЙОРК. ҚазАқпарат – 2045 жылға қарай ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу мақсатына жетуге болады және оған мүдделі тараптардың, соның ішінде азаматтық қоғам өкілдері мен ядролық державалардың үкіметтерінің кең ауқымды қатысуы қажет. Бұл туралы «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін» халықаралық ұйымы ұйымдастырған «Мақсат 2045: Ядролық қаруды жоюға бірлесіп шақыру» арнайы вебинарының қатысушылары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн форматта өткен іс-шараға Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов, Парламентаралық одақтың құрметті төрағасы, «Парламентарийлер ядролық қаруды таратпау және қарусыздану үшін» қауымдастығының құрылтайшысы Сабер Чоудхури, «IDN-InDepthNews» халықаралық ақпараттық агенттігінің басқарма төрағасы және бас редакторы Рамеш Джаура, сондай-ақ екі жүзден астам шетелдік мемлекеттердің өкілдері мен ядролық қарусыздану саласындағы сарапшылар қатысты.

Қатысушылар ядролық қаруды толығымен жоюдың мақсатты күні ретінде БҰҰ-ның құрылғанына 100 жыл толуының 2045 жылының саяси салдарын қарастырды. БҰҰ-ның жүз жылдығында ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің маңыздылығы туралы идеяны Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында алғаш рет айтқандығы атап өтілді.

«Бұл мақсатқа жетуге болады. Жеткілікті батылдықпен, азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының, ғалымдардың, парламентшілердің және ядролық державалар үкіметтерінің қатысуымен біз бұл экзистенциалды қауіптен - қарай ядролық қарудан 2045 жылға, мүмкін одан да ертерек құтыла аламыз», - деді Сабер Чоудхури.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі өз сөзінде Н.Назарбаев ядролық қаруды жоюды ХХІ ғасырдағы адамзаттың ең маңызды және шұғыл міндеті деп атағанын атап өтті. Елбасының Семей полигонын жауып, әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімі жаһандық ядролық сынақтарға тыйым салуға және Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты қабылдауға серпін берді.

«2045 жылға қарай әлемді ядролық қарудан арылту үшін біз қазірден бастап әрекет етуіміз керек, Қазақстан әлемнің барлық елдерін, үкіметтік емес ұйымдарды, азаматтық белсенділерді, бұқаралық ақпарат құралдарын біздің күш-жігерімізді біріктіруге, 2045 жылды анықырақ етуге шақырады», - деп атап өтті М.Ілиясов.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің басқа да сыртқы саяси бастамалары, оның ішінде жаһандық ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммиттерді жалғастыру мүмкіндігі талқыланды. Ядролық қаруды толығымен жою - бұл ядролық қаруды қолдану немесе қолдану қауіпіне қарсы жалғыз абсолютті кепілдік екені мәлім етілді.

Вебинарға қатысушылар Қазақстанның жаһандық ядролық қарусыздану саласындағы күш-жігерін жоғары бағалады, жастарды халықаралық антиядролық қозғалысқа көбірек тартудың маңыздылығына тоқталды және 2045 жылға дейін ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін осындай тақырыптық пікірталастар сериясын жалғастыруға келісті.

Бұған дейін, 2020 жылдың 2 қазанында Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясының шеңберінде Ядролық қаруды жоюдың халықаралық күніне арналған жоғары деңгейдегі форумда сөз сөйлеп, іс-шараға қатысушыларға Елбасының БҰҰ жүзжылдығына дейін ядролық қарудан толықтай бас тартуға шақыруын еске салған еді.


Соңғы жаңалықтар