Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы киік мекендерінде зерттеу жүргізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 24-28 мамырда халықаралық сарапшылар Қазақстандағы киік мекендерінде зерттеу жүргізеді. Бұл жайында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы, еліміздегі киіктердің санын реттеудің, оның ішінде олардың популяциясына мониторинг жүргізудің, сондай-ақ ғылыми және өндірістік мақсаттарда алып қоюдың ғылыми-негізделген тәсілі үшін ағымдағы жылы олардың популяциясын басқару жөніндегі биологиялық негіздеме шеңберінде ғылыми зерттеуді бастау жоспарланған», - деп жазады ол.

Үкімет басшысның айтуынша, сол зертеу аясныда 28 ақпан мен 1 наурыз аралығында Қазақстандағы киік популяциясын басқару мәселесі жөніндегі халықаралық және ұлттық сарапшылардың қатысуымен консультативті кеңестің бірінші жиыны өткен.

«Консультативтік кеңестің екінші кезеңінде 24-28 мамыр аралығында киіктердің мекендейтін жерлеріне барып зерттеу жүргізу жоспарланған. Өткізілген консультативтік кеңестердің қорытындысы бойынша халықаралық және ұлттық сарапшылар Қазақстандағы киіктер популяциясын одан әрі басқару жөнінде ұсынымдар әзірлейді. Олар жоспарланған биологиялық негіздемеде көрсетіледі. Жоғарыда аталған зерттеулер шеңберінде нормаларды өзектендіру тұрғысынан қолданыстағы заңнамаға талдау жүргізу, сондай-ақ киіктердің дериватын (мүйізін) қайта өңдейтін зауыт салу және шаруа қожалықтары үшін егіс алаңдары мен шабындықтардың айналасында қоршау салуға мемлекет қаражатын субсидиялау мәселесін егжей-тегжейлі пысықтау көзделіп отыр», - деп жазады Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар