Халықаралық сарапшылар Алакөлдің маусымдық мерзімін ұзартуды ұсынды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Болашақта Алакөл көлімен Жоңғар Алатау Ұлттық паркі бірігіп жұмыс істеуі мүмкін. Осылайша туристерге демалу маусымының уақытын ұзарту көзделіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мұндай ұсынысты АҚШ-тан келген халықаралық консалтинг орталығының сарапшылары ұсынды. Компания өкілдері Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша туристік аймақтарды дамытудың жобасын әзірлеуде.

«Демек, Алакөл көліне келген туристер тек шомылып ғана қайтпайды. Оларға Жетісудың тамаша табиғатын, таудағы демалысты, флора мен фаунасын көрсету көзделіп отыр. Негізінен Алакөл көлінің шомылу уақыты маусым айында басталып, тамыз айының соңына жетпей аяқталып қалады. Бұл олқылықты жою үшін, осы туристік аймаққа жабық бассейндерді салу көзделуде. Әзірге бұл ұсыныс ғана», - деді Алматы облыстық Туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

Басқарма басшысының сөзінше, Нью-Йорктен келген «McKinsey» халықаралық консалтинг орталығының сарапшылары Алакөл көлінің туристік әлеуетімен танысып, әрі қарай аймақты дамытудың мастер жоспарын әзірлейді. Әлемнің 96 мемлекетінде кеңсесі бар танымал компания Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы тапсырмасы бойынша жұмыс атқарып жатыр екен. Олар Қазақстанда 10 бағыт бойынша дамыту жобасын жасамақ, сол жобалардың ішіне Алакөл де кірген.

«Сарапшылар Шығыс Қазақстан облысының аймағындағы Алакөл көлінде де болды. Олар ұсыныстарын жасап, тапсырыс берушіге мастер планды ұсынатын болады, Бұл жобаның ішіне нақты Алакөл көлін дамыту үшін не жасау керек, қандай бағытқа көңіл бөлу керек, барлығы көрсетіледі», - деді Ж. Алшымбаева.

 

Жалпы сарапшылар Алматы облысындағы Алакөл көлінде бір күн болып, бүгін Талдықорғанда арнайы әкімдік өкілдерімен жиын өткізді.

 

null

Соңғы жаңалықтар