Халықаралық олимпиадада жеңімпаз болған оқушыларға ақшалай сыйақы беріледі - БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық пәндік олимпиадада жеңімпаз болған оқушыларға 500-1500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өткім келеді. Жақында Президент халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздарына біржолғы ақшалай төлемдерді төлеу нормасын қарастыратын заңға қол қойды. Алтын медаль алған оқушыға 1 500 АЕК, күміс медальға 1 000 АЕК, қола медальға 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы беріледі», - деп жазады министр.

Айтуынша, оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге де біржолғы сыйақы беріледі.

Сондай-ақ, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қазақстандық ЖОО-ға түсу үшін автоматты түрде гранттар тағайындалатынын жеткізген.

«Білім және ғылым министрлігі елімізде балаларға жағдай жасау және олимпиадалық қозғалысты дамыту жұмыстарын жалғастыра береді», - деп түйіндеген Асхат Аймағамбетов.

Еске салсақ, Қазақстандық оқушылар алғаш рет қатысып жатқан Дүниежүзілік гимназиададан 72 медаль алды.

Соңғы жаңалықтар