Халықаралық Олимпиада Комитетінің өкілдері Алматының дайындығын жоғары бағалады (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының олимпиада ойындарына дайындығын көріп, мүмкіндігін бағалауға Халықаралық Олимпиада комитетінің өкілдері келді. Жоғары дәрежелі қонақтар қаладағы бірнеше олимпиада нысандары «Ақбұлақ», «Медеу», «Шымбұлақ», «Табаған» кешендерін, «АИБА» бокс академиясын аралап көрді.

Өз кезегінде «Универсиада-2017» атқарушы дирекциясы» Мемлекеттік қорының директоры Илья Оразақов ХОК өкілдерінің тарапынан қаланың дайындығы жоғары бағаланғанын жеткізді.

«Біз оларға нақты жоспарымызды техникалық тұрғыдан көрсеттік. Комиссия мүшелерін алаңдатқан сұрақтарға жауап бердік. Олимпиада күн тәртібін талқылаған кезде ХОК мүшелері бағдарламаның барынша нақты болуын, әрі нысандардың кейін қаңырап бос қалмай, іске асуын талап етті», - деді Илья Оразақов.

Оның айтуынша, бағалау комиссиясының мүшелері экологиялық мәселелерге баса мән берді.

«Қарсыласымыз Пекинмен салыстырғанда Алматының экологиялық ахуалы анағұрлым жақсы. Сонда да «Қазақстан-2050» Даму стратегиясына сәйкес Олимпиада ойындарының тұжырымдамасына да экологиялық ахуалды жақсартуға қатысты бірнеше пункттерді енгіздік. Мәселен, экологиялық тұрғыдан таза отынға көшу. Білуімше, қаламыздағы қоғамдық көліктің 40 пайызы газға көшкен. Менің ойымша, экологиялық ахуал Олимпиада ойындарын өткізуге кедергі емес, керісінше оны жақсарту үшін стимул болады», - деді И.Оразақов.

Ұлттық Олимпиада Комитеті атқарушы кеңесінің мүшесі Андрей Крюков бүгінгі кездесу барысында директор Кристофер Дуби жағымды пікір білдіргенін жеткізді. Сонымен қатар, ХОК мүшелері бірқатар ескертулері мен ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, Олимпиада нысандарын бағалау шарасына қатысуға Америка, Қытай, Франция, Нидерланды, Канада елдерінен журналистер келді.

Соңғы жаңалықтар