Халықаралық медбикелер күніне орай бірқатар ақмолалық медбикелерге құрмет көрсетілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда халықаралық медбикелер күніне орай бірқатар ақмолалық медбикелер құрмет пен марапатқа ие болды.

Облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында өткен салтанатты шараға өңірдегі ардагер медбикелер, әр жылдардағы облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары, «Мейірбандылық және ержүректілік» қоғамдық мұражайы Құрмет белгісінің иегерлері, Көкшетау медициналық колледжінің оқытушылары мен түлектері қатысты.

Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Рашит Әкімов барша ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.

Осы орайда, ол бірқатар медбикелерге облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті. Бұл жолы Гүлнәр Қасенова, Алла Кунц, Людмила Рытчер, Гүлшат Өмірзақова, Лариса Попова, Айман Тастемірова, Марал Сағындықова сынды медбикелер құрмет пен марапатқа ие болды.

Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдары қажырлы еңбек еткен Рәзия Ысқақова, Мария Смирнова, Вера Широкая, Антонина Дмитриева, Анна Дмитриенко сияқты медбикелердің есімдері аталып, еңбектері кеңінен айтылды.

Еске сала кетсек, бүгінгі күні өңірде медицина саласының 6 мыңнан астам орта буын мамандары жұмыс істейді. Қажырлы еңбек пен біліктіліктің арқасында олар өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр.

Соңғы жаңалықтар