Халықаралық лаңкестік атом электр стансаларына қауіп төндіріп тұр ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық лаңкестіктің жайылуына байланысты сын-қатерлердің бір парасы әлемдегі атом электр стансаларымен байланысты болып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада «Н. Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі және қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері» атты Саясаттанушылар халықаралық конгресінде ғалым Әділ Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«20-шы ғасырда жаппай қырып жоятын ядролық қарулар тек алпауыт елдердің ғана уысында болса, бүгінгі таңда ондай қару шығаруға техникалық мүмкіндіктері жеткілікті мемлекеттердің саны 40-қа жетіп отыр және олардың арасында экономикалық тұрғыдан әлсіз елдер де баршылық. Бұл қай тұрғыдан болмасын өте қауіпті сын-қатер екені дау тығызбайды. Өйткені, түптің түбінде бұл күллі өркениет пен адам баласының тегіс жойылып кетуіне апаратын тұйық та, қатерлі жол»,-деп тоқталды ғалым.

Осы орайда ол үстіміздегі жылы Вашингтонда өткен төртінші антиядролық саммиттің мінберінен сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуі көпшіліктің қолдауына ие болып, өте маңызды пікірталасқа ұласқанын атап өтті.

«Халықаралық лаңкестіктің етек алуымен байланысты ендігі апат, сын-қатерлердің бір парасы әлемдегі атом электр стансалары десек, мүлде артық айтқандық емес. Өйткені, үстіміздегі жылы лаңкестердің Бельгиядағы атом электр стансасын жармақ болған әрекеті бұған нақты дәлел бола алады. Бұл тұрғыдан келгенде, бүгінгі таңда әлемнің 31 елінде электр қуатын өндіретін 192 атом электр стансаларының барлығы да осы сын-қатерлердің нысандарына жататыны күмән тудырмаса керек. Осы нысандарда қазіргі кезде 438 энергиялық блок қуат өндіреді. Бұл тізімнің басында АҚШ, Франция, Ресей, Ұлыбритания, Жапония және басқалар тұр. Бүгінгі таңда әлгілерден бөлек тағы да 72 ядролық блок іске қосылып жатыр. Олардың көпшілігі Қытайда (28), Ресейде (10), Үндістан (6), Оңтүстік Кореяда (5) және басқа елдерде»,-деді Ә. Ахметов.
Сонымен қатар ғалым ядролық қауіп те, ядролық қалдықтар да аталмыш блоктармен қатар ұлғайып келе жатқанын жеткізді.

«Дәл осы мәселеде Елбасының «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» манифесінің мәні зор. Бұл ғаламдық құжатта Мемлекет басшысы қазіргі замандағы сын-қатерлерді өте салмақты дәйектермен дәлелдеген»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар