Халықаралық конкурс және олимпиада жеңімпаздарына 4 млн теңгеге дейін сыйақы беріледі – БҒМ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Халықаралық байқаулар мен пән олимпиадаларында жеңген балаларға 4 млн теңгеге дейін бір ретік төлем жасалады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл заңға Президент қол қоюы қажет. Президент қол қойса, дереу іске асады. Биылғы жылы халықаралық додалардың, олмпиадалардың жеңімпаздары болса, осы мүмкіндікке ие болады. Яғни, бір реттік төлемдер 4 миллион теңгеге дейін жетеді, екіншіден – олардың тәлімгерлеріне берілетін қаржы бар, үшіншіден – осы балаларға арнайы гранттар беру мәселесі қаралды», - деді Асхат Аймағамбетов Сенатта тілшілерге берген сұхбатында.

Министрдің айтуынша, тек қана Олимпиада қатысушыларына ғана емес, түрлі шығармашылық, дүниежүзілік конкурстардың жеңімпаздарына да грант беру мәселесі қарастырылып отыр.


«Түрлі дүниежүзілік деңгейдегі спорттық жарыстардың жеңімпаздарына ҰБТ тапсырмай-ақ ЖОО-ға түсу мүмкіндігін де қарастырдық. Бұл өте жақсы мәселе, өйткені қараңыздар, химияны керемет білетін бала Менделеев олимпиадасынан жеңіспен оралды, бірақ ол ҰБТ-ға барғанда қазақ тілін де, тарихты да, химияны да білуі керек болады. Сондықтан біздің айтып отырғанымыз – осындай балалардан айырылып қалмауымыз керек. Заңға түзетулер енгізілді, бұл 10-20 жылдан бері халық көтеріп жүретін мәселенің бірі. Сондықтан бұл мәселе шешімін тапты», - деді А. Аймағамбетов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл міндетті іске асыру үшін Білім министрлігі заңнамаға түзетулер әзірледі.

Сонымен қатар халықаралық олимпиадалардың алтын медаль иегеріне – 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль – 1000 АЕК, қола медаль иегеріне 500 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарлануда. Сондай-ақ, оларды дайындаған педагогтерге біржолғы сыйақы төлемдері мынадай мөлшерде белгіленеді: алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – 150 АЕК, күміс медаль – 100 АЕК, қола медаль – 50 АЕК.



Соңғы жаңалықтар